27 Тамыз 2014, 03:25
Сол жылдары елге қорған болып жүрген қазақтың əйгілі бес палуаны болды, бесеуі де тақуа, кішіпейіл, сөзге сараң.
Елді қорғауға өздерін міндетті санайды, онысын да айтып, жар салмайды. Сол үшін оқиғаның мəн-жайын айтып, жарнамалау əдеттерінде жоқ. Олар көп əңгімеге бара бермеген. Алла жар болып, түрікмен ақсақалдарының да оң батасымен қазақтар қызын қайтарып алып келіпті. Қазақтар үшін иранға барған бастапқы жылдардағы өмірлері ауыр болды. Шекарадан кейінгі түрікмендер тұратын шағын Гомишан қаласының төңірегінде жүріп, бар өнері дала- дан тезек теріп түрікмендерге сатып күн көрген, тіршілік қиын болған соң оңтүстік жаққа қарай жылжи берді. Əу- бастан армандағандай, мүмкін болса, біржолата Мекке мен Мəдина қалаларын бетке алып Сауд Арабиясы еліне жол тартқылары келді. Сонда жетіп өлсек те арманымыз жоқ деген ниетте олар сол арманға жетуді көздеді. Мыңдаған босқын қазақтың күнкөріс жағдайлары əбден нашарлаған соң «ауыл қайда, су қайда»,-деп тарам-тарам бағытқа бет алды кете берді. Сонда олар «Елім-ай» əніндегі “Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді” деген Ақтабан Шұбырындының (1723-1725) қасіретті оқиғасын еске алып, соны да көрген қазақ бүгінде тіріміз дегендей көңілдеріне демеу етіп жүріпті. Біздің буын оқып, «қарны тоқ, көйлегі көк» болған 1970 жылдары жыршы- ларымыз анда-санда сол бір қайғылы əнді шырқаған кезде қарияларымыз: «Айналайындар! Осы бір құрғыр өлеңді енді айтпай-ақ қойыңызшы, Алла бəлесінен аулақ қылсын, енді ол күндер қайталабасын»,-деп күрсіне отырып жыршыларға ескерту жасағандары əлі есімізде. Құдая-ау, қарияларымыз сол ескертуді айтқан мезетті еске түсірудің өзі ауыр. Олар демдерін іштеріне тартып, өкініш пен ызасын уһлеп күрсінгенде əлемді түнек басқандай сезілетін еді. Сол үшін бе, білмеймін, аспанға қара бұлт үйіріп, күн күркірегенде көңілді бір терең қайғы басып тұратын сол жылдары. Елге оралған жылдары Ақтабан Шұбырынды оқиғасын зерттеу- лерден оқып білген соң аталарымыздың тұңғиық қайғысын кеш те болса еске алып, біз де жыладық. Иран жеріне жеткен қазақтар беймəлім жолдарға түсіп, топ-топқа бөлініп, күнкөріс қамымен жан-жаққа бытырай бастады. Бір тобы Бəндер Түрікмен қаласы мен Күрдкуй қаласының тоғысқан даңғылынан батысқа қарай бет алса, енді бір тобы шығыс бағытына қарай жүріп кетті. Бала-шағаның қарынын тойдыру мұң болған оларға бір-бірімен бас қосып, кеңесуге мұрша болмайды. Шығысқа қарай жүріп Горган қаласының маңына топтасқан қазақтар арықтардан мөп-мөлдір болып ағып жатқан судан шөлін қандырам деп ішкен жүздеген адам уланып лек-легімен өле берген. Оларды жерлеу үшін тірілердің көрген азабын сөзбен айтып жеткізу қиын, дейтін қарияларымыз. Сол арықтардың суы неге оларды уландырғанын иран тарихының қарбалас кезеңіне тап болған заманда ешкім де көңіл бөліп, зерттей қойған жоқ. Орталық билік əлсіз, əркім білгенін істеп жүрген кез болған. Кейінгі жылдары үлкендеріміздің қисынға келер болжамы бойынша, сол су көздеріне жақын маңда əскери гарнизондар болған, солардың химиялық қалдықтары Горган өзеніне төгіліп, одан тараған арықтардың суын улап отырған дейді. Алла біледі. Қалай болғанның өзінде қазақтар жүздеген жаннан айырылды. Бұл аздай көпке созбай жұқпалы оба ауруына да шалдығып, қазақтардың өлім санын мыңдаған адамға ұластырды. Қалғандары қалай болған күннің өзінде Меккеге баруды мұрат етті. Екі бағыттан иранның оңтүстігіне барып, парсы шығанағы арқылы араб сахарасына баруды ойлаған бір тобы- Нишабур, Сəбзевар қалаларының төңірегінен əрі қарай жол таба алмай бір-екі жыл сандалып, бұрынғы орындарына қайта оралды. Батыс жаққа бет алғандар Тегеран, Рей, Исфаһан арқылы шығанаққа жетіп, жалдамалы кемелер арқылы бір тобы əрі қарай өткен, одан кейінгі бөлігі шығанаққа жеткенде ауа райы бұзылып, боранды күндер, айларға ұласқан соң амалсыздан кері қайтуға мəжбүр болған. Қазіргі кезде сол көште Арабияға барған Байпақ ақсақалдың үрім-бұтағы сол елдің азаматтары болып өмір кешуде. Екінші легінен Ораз ақсақалдың ұрпақтары Сирия елінен Түркияға қоныс аударды. Бір немересі еліміз тəуелсіздікке қол жеткізген соң Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінде жоғары білім алып, заңгер мамандығын игерді. Сонда оқыған дəрігерге үйленді. Арабияның дəм-тұзы бұйырмағандар қайта бұрынғы көз көрген Мазандаран провинциясына оралып, шығыстан қайта оралғандармен Бəндер Түрікмен қаласының маңындағы Назабад ауылында табысты. Қазақтар екінші басқосуларында Алланың жазған тағдырына көнді. Иранда тұрақтайық, азаматтығын алайық деген тоқтамға келді. Қазақтар уақыт өткен сайын сол аймақта батылдықтарымен де құрметке ие бола бастады. Бұл жөнінде Қайрекең былай əңгімелеп берген: «оңтүстік пен солтүстікке қарай он төрт шақырым қашықтықта бір сызықта тұрған парсылардың Күрдкуй мен түрікмендердің Бəндер Түрікмен қалаларының төңірегін шулатқан атақты екі мал ұрлаушылар болған. Олар палуан денелі, өжет һəм өздеріне сенімді болған. Сол үшін анау-мынау адам оларды ұстау керек деген ойдан аулақ жүргенді жөн көретін. Адамдардың «сен тимесең, мен тимен» күй кешіп жүрген қиын заманы екен. Ол екі ұры өздерінің – туған қаласы «Күрдкуи» лақап атымен танылған көзсіз ба- тырлар екен. Сол екі бейбақ бір күні енді аяққа тік тұрып, қорасына бір-екі ірі қара салған Рақбай атаның малдарын ұрлап кетуге таң сəріде қорасына кіреді. Кіргені сол, қасқағым сəтте саусақтарымен шеңгелдеп екеуінің желкесінен тырп еткізбей сығымдап алып, ұрыларды еңкейткен күйде ауыл сақшысына тапсырады. Бұл оқиғаны естіген ел рахаттана тыныс алып, үлкен қуанышқа бөленеді. Елді күнделікті уайымға батырып, аты аңызға айналған ұрылардың дəл солай құрыққа іліккендеріне ризалықтан қуанбағанда қайтсын пақыр жұрт» деп, əңгімені байыбымен айтып берген. Бұл оқиға Рақбай атамен бірге қазақтың да абыройын асқақтатыпты. Содан атаның ел ішінде абыройы одан əрі биіктей түседі. Үкімет адамдары да атамен қатты сөзге келіп, қақтығысқысы келмейтін болыпты.