29 Мамыр 2014, 06:00
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің жолдауында халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелерді, соның ішінде тілге қатысты орынды ұсыныстарын айтты. Мемлекеттік тілді жоғарғы деңгейде еркін меңгерген Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің саны өскенін баса көрсетті. «Біздің міндетіміз - 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу, ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деп нақты көрсеткен еді. Мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, теледидарда да, радиода да, тіпті тікелей эфирлерде өз ойын қазақ тілінде қиналмай жеткізетін, осындай азаматтардың бірі белгілі спортшы Ислам Байрамуков. Ислам ағамыздың қазақ тілінде таза сөйлейтініне, оның көкірегіндегі өз еліне деген патриоттық сезіміне қарап отырып сүйсінбейтін жан жоқтың қасы шығар. Қашан да қазақ халқына деген ризашылығын білдіріп, еліне, жеріне деген махаббатын Қазақстан спортына қосқан үлесі арқылы дәллдеп келеді. Мұны нағыз ер азаматқа тән қасиет деп білемін.
Ислам Байрамуков – 1971 жылы 12 маусымда Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Каменка ауылында дүниеге есігін ашыпты. Қарашай ұлтының тумасы. Грек-рим күресінен Сидней олимпиадасында күміс жүлдеге ие болған. Екі дүркін Азия кубогінің иегері. 2000 жылы Азия чемпионы болған. Екі мәрте Шығыс Азия ойындарының чемпионы атағын алды. Бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанған. 2004 жылы ол спортты қойып, педагогикалық салаға ауысады. Қазірде еркін күрес бойынша аға бапкер, өз білгендерін жастарға үйретіп, жас жеткіншектерімізді тәрбиелеумен айналысады.
Ислам Байрамуков тек белгілі спортшы ғана емес, сонымен бірге оның экономика және заң саласы бойынша да жоғары білімдері бар екен. Үш бірдей дипломы бар ағамызды «Сегіз қырлы, бір сырлы» деуге әбден тұрарлық.
Кішкентай кезінен футбол ойнағанды, бокспен айналысқанды жақсы көреді. Ауылда бокс секциялары болмағандықтан, Алматы қаласындағы Қажымұқан атындағы спорт мектебіне түседі.
Кітап оқығанды жаны сүйетін спортшы қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын сүйіп оқиды. Сонымен бірге, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», жалпы тарихи туындылар жанына жақын екен. Исламның тағы бір қыры сәйгүліктерді баптаумен айналысады. Қазақтың көкпар, бәйге сияқты ат спорттарымен жақсы таныс.
Ұлты басқа болса да Ислам Байрамуков қазақ тілінде өте таза сөйлейтінін, қазақ халқының бүкіл салт-дәстүрін бір адамдай білетінін бәріміз мақтан тұтамыз. Осындай азаматтардың біздің тілімізді үйреніп, құрметтеп жүргені қай-қайсымызға болса да үлгі боларлық. Бірде ғаламтордан Ислам Байрамуковтың қатысумен болған «Men qazaqpyn» деген бағдарламаны көрдім. Сол жерде қазақ тілінде сөйлеу отбасынан, ананың сүтімен келу керек деп басып айтып өткен еді. Өзі ауылда өскендіктен, ауыл балаларымен қазақша сөйлеп өскендіктен, тілді еркін меңгергенін айтады. Бір қызығы, алты жасқа келгенше, өзінің ұлты кім екенін білмепті. Бұл да қазақ халқының қонақжайлылығын, ешкімді бөтенсінуді білмейтін қасиеттерінің бірі шығар.
Сонымен бірге, қазіргі таңда Ислам Байрамуков біраз телебағдарламаларда әділқазылар қатарынан да көрініп жүр. Өзінің айтуы бойынша, осындай бағдарламаларды түсіру барысында әділқазылар қатарында отырған Тұңғышбай Жаманқұлов, Жеңіс Ысқақова, Майра Мұхамедқызы сияқты белгілі тұлғалардан да көп сабақ алыпты. Сол кісілерден қазақ тілінің небір таза, керемет сөздерін үйреніп тәжірибе жинағанын да айтады. Спортшының ойынша, ауыл тұрғанда ана тілі ешқашан жоғалмайды. Себебі, ауыл тұрғындары қашанда қазақ тілінде сөйлейтіні хақ.
Тіл үйрену үшін адамда тек үйренетін тіліне деген қызығушылық болса жеткілікті деп санайды. Егер Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілі тіл білсе, білімі болса, азаматтығы, сонымен қоса Отанға деген сүйіспеншілігі болса, ол азамат үшін барлық мүмкіндіктер ашылады дейді. Белгілі бір елде тұрып, сол елдің тілін білсең, салт-дәстүрлерін қастерлесең, өзіңді сол елдің нағыз азаматымын деп санасаң, алға жылжу мен болашақта үлкен шыңдардан көрінуіңе, өсуіңе, өнуіңе еш кедергі туындамайды дейді. Тағы бір айта кетерлігі, жеңіске жету үшін де өз еліңе деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат, патриоттық сезім болмаса еш нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес деп санайды.
Ислам Байрамуков елімізге танымал қарашайлықтардың бірі және бәріміз үшін де құрметті, сыйлы адам. Қоғам қайраткері, еліміздің бетке ұстар, халыққа үлгі болар азаматтарының бірі.
Әсем Жарымбекова