Жақында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров журналистер және әлеуметтік желі пайдаланушы белсенді өкілдермен кездесіп, Рамазан айында қылмыс атаулы азайып, халықтың мейірім-шапағаты артатынын айтты. Оған дәнекер: қасиетті айда ораза ұстаушылар тек тамақтан емес, арақтан да тыйылып, рухани тұрғыда тазарады және түзеледі екен.
Осы сөз бізге себеп болды да зерттеуге кірістік.
Рас, қазір арақ-шарапсыз той өткізу қанат жайды. Оны «халал той» деп атап жүрміз. Сол «халалға» кәдімгідей көз үйрене бастады. Енді арақ сатылмайтын ауылды іздедік. Бар екен. Оны Жаңақорған ауданынан таптық.
Дереу телефонды қосып, Өзгент ауылдық округінің әкімі Байзақ Мырзабаевқа хабарластық. Ұзақ жылдан бері ауыл әкімі қызметін атқаратын Байзақты сөзі өтімді, ісі ілкімді азаматтың бірі санаймыз. Сонымен әкім байланыста.
El.kz: Арақ сатылмайтын ауыл деңгейіне қалай жеттіңіздер?
Байзақ Мырзабаев: Ол – ақсақалдарымыздың арқасында орындалды.
El.kz: Сонда қалай?
Байзақ Мырзабаев: 2017 жылы ауылдық ардагерлер кеңесі бас болып, үндеу қабылдады. Онда заманымыз имандылыққа бет бұрып жатқанда ішімдік ішуді, әсіресе жастардың қолданғанын тоқтату керек делінген. Сол үшін дүкендерде арақ-шарап сатылмасын деп бірауыздан мақұлданды.
El.kz: Үндеу шықты деп дүкендер арақ сатуды мүлдем қоя салды ма?
Байзақ Мырзабаев: Жоға, топ-топ болып, әрбір дүкенді бақылауға алды. Иелеріне ескерту жасап, оның адам өміріне зиян әрекетін жеткізді. Бұған кәсіпкерлер түсіністікпен қарады және сатуды тоқтатты.
El.kz: Ауылда қанша дүкен бар?
Байзақ Мырзабаев: 5 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Бірде-біреуінде арақ сатылмайды.
El.kz: Бұған кейбіреу наразылық білдірген жоқ па?
Байзақ Мырзабаев: Қазір округте 2000-ға жуық халық тұрады. Ел болғасын кездеседі. Бірақ арақ ішетін адам ауылдан тыс жерге кетуге тиіс. Көптің көзіне түспегенін қалаймыз.
Дәл осындай араққа қарсы ауылдың бірі – Сырдария ауданы Айдарлы ауылы екен. Осы ауылдың тұрғыны Айнұр Рүстембекова бұл туралы былайша ой қозғады.
Айнұр Рүстембекова: Қазір ауылда 5 дүкен бар. Оның төртеуі арақ сатпайтын болды. Біреуінде ғана арақ сатылады. Өйткені ол дүкеннің арақ сатуға лицензиясы бар көрінеді.
El.kz: Бұл кімнің ұстанымы?
Айнұр Рүстембекова: Негізінен біздің ауылдың жастары өте белсенді. Жат әдеттен басын аулақ ұстауға, жақсылыққа ортақтасуға бір кісідей жұмылады. Ауылдың кіреберіс керемет аркасы сол жастардың ауызбіршілігімен жасалды. Мешіт жанынан ас беретін арнайы орын салынды. Бәрімізді біріктірген ортақ чат бар, сол жерде барлық мәселе айтылады. Жақын-жуығы қайтыс болған әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да көмек жасап отырамыз. Міне, біз осындай ажарлы ауылда тұрамыз.
El.kz: Енді дүкенде арақ сату мүлдем тоқтайтын болар...
Айнұр Рүстембекова:Ол да мүмкін. Белсенді жастар шындап қолға алса бәрі де болады.
Біз келесі кезекте Қызылорда облыстық дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Жеңіс Дәрібаевтың пікірін білдік.
Жеңіс Дәрібаев: Арақ – атадан қалған ас емес. Одан қымыз ішкен пайдалы. Алкогольды ішімдік адамды тоздырады, денсаулықты құртады, ұрпаққа зияны тиеді. Бұл – жамандық атаулының бастауы. Ал, арақ сатпайтын ауыл туралы естігенде қуанып қаламыз. Өйткені ол – келешек үшін кемел қадам жасап отыр.