«Аралтұз» басшысы ас тұзына дәрет сындырып желіні шулатты

Кеше, 12:00 1154

Jas Alash редакциясына «Аралтұз» акционерлік қоғамының жұмысшылары зауыт директорының тұзға дәрет сындырып тұрған видеосын жіберген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Аралтұз» АҚ-ның күзетшісі Мейрамбек Баубековтің айтуынша, мекеме директоры жақын жердегі әжетханаға бармай, тұзға дәрет сындыруды әдетке айналдырған.

Жұмысшылар кәсіпорында тазалық талаптары сақталмайтынын алға тартты, тіпті қажетті киім де берілмейді екен. Сондықтан жұмысшылар сырттағы әжетханаға барып келген аяқкиімімен цехта жұмыс істеп жүре береді.

Бізге жеткен видео алыстан түсірілген. Бір адамның тау-тау болып үйіліп тұрған тұздың жанына келіп тоқтап, біраздан соң қайта кетеді. Адамның бет-жүзі көрінбейді. Бірақ оның дәрет сындырғандай тоқтап, біраздан соң ышқырын көтеріп, ауын жапқандай әрекет жасағанын байқауға болады. Кәсіпорын жұмысшылары мұның зауыт директоры екенін, тіпті бұл жағдай бірінші рет болып тұрмағанын айтады, - делінген басылым мәліметінде.

Jas Alash-қа сұхбат берген күзетші Мейрамбек Баубековтің айтуынша, зауыт директорының мұндай әрекеттері бұған дейін де болған. Оған бұл туралы ескерту де жасалған алайда ол мұның бәрін құлағына да қыстырмаған. Ал мына видео таралып кететін кезде, «не үшін тұзға дәрет сындырасыз?» деп директордан сұрағанда, ол қысылмай «осындай боп қалды» деп қана жауап берген көрінеді. Енді зауыт басшысы қазір күзетшілерді видео таралуына байланысты қудалап жатыр екен.

«Оған болмайды, жақын жерде әжетхана бар ғой» деген сияқты жұмсартып айттық. Бастық қой. Қатты айта да алмаймыз. Әйтпесе, шамамен 50 метр жерде әжетхана бар. Соған бармайды. Тұз деген ас қой, асқа дәрет сындырғанды қалай түсіндіресіз. Енді соны айтқан едім. Мені қудалап жатыр. Негізі мен күзеттің ауысым бастығымын. Бекеттегілерге тиіседі. Күзеттегі жігіттерге ескертіп, бірдеңелерді айта береді. Қысқасын айтқанда, бізден ілік іздеп жатыр, – дейді Мейрамбек Баубеков.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: