20 Қараша 2014, 03:32
Аралдықтарға қайта үміт сыйлаған теңізге тоқталатын боламыз. Алдымен бүгінде тарихи жәдігерге айналған көріністерді шолып шығайық. Мынау –«Арал» мейрамханасы. Кезінде теңіздің толқыны осы жерге дейін келіп, қалаға қарай ентелеп тұрған.
Уақытында дәл осы жерде теңіз порты болды.
Ақ желкенін көтеріп, теңіздің толқынына қарсы жүзген «Лев Берг» кемесі өткен күннен сыр шертіп тұр. Яғни, кеменің ішін мұражайға айналдырыпты.
Мұражайдағы ең құнды жәдігер. Бұл – 1925 жылдан бастап Арал балық шаруашылығын басқарған 15 басшы отырған үстел.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары теңізде су маржанының 30-дан астам түрі болған. Сол балықтардың барлығы мұражайда сақтаулы.
Денсаулық, мәдениет, өрт, құқық қорғау органдарның мамандары арнайы құрал-жабдықпен жасақталған көлікпен қызмет көрсететіні белгілі. Ал Аралда әр салаға тиесілі арнайы кемелер болған. Осындай кемелермен елді-мекендерді аралап, қызмет көрсеткен.
Мына құралдың аты – шығыр. Жылым яғни, ау тартуға арналған. Қыстыгүні мұздың үстіне орнатылып, түйеге жегіледі. Екі өркешті жануар осылайша жылым тартады.
Түйелер мен жылқыларға арналған шаналар.
Балықшылардың қайығы.
Табанынан су кетсе де, жүрегінен жыр кетпеген аралдықтар қиыншылыққа мойынсұнған жоқ. Халықтың еңбексүйгіштігі, ертеңгі күнге деген сенімділігі болар, Кіші Арал қайта қалпына келе бастады. Елбасының бастамасымен «ғасыр жобасының» алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асты. Қазір балықшылар ата-кәсіптеріне қайта кірісті.
Жұбатқан Аймұратов бала күнінен балық аулайды. Ол есейгенде теңіз де тартыла бастады. Содан басқа саладан нан табуға тура келді. Дегенмен, ешқандай іске зауқы болмай, киім-кешегін жинап, Балқашқа бет алады. Сол жерде үйреншікті кәсібімен айналысады. Теңіздің қайта оралуымен Жұбатқан аға да туған жерге келіп, кәсібіне қайта кірісті.
Қазір теңіздің құрғаған 870 шақырымын су басып, балық түрлері көбейді. Судың тұздылығы төмендеді. Бұрын балықтың бір түрі қалса, қазір су маржанының саны жиырмадан асты. Балық аулау көлемі – 400 тоннадан 5 мың тоннаға жетті. Теңіз Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады.
Балықшылар кешқұрым теңізге ау салып, таңмен таласа несібелерін алуға су айдынына шығады.
Олар ауа-райының да кері әсер ететін айтады. Желді күндері су маржанын ұстау қиынға соғады екен. Бірақ әрқайсысы несібелеріне қарай күніне 100 келіге дейін балық аулайды.
Айдыны шалқыған, шағаласы қалқыған, балығы тайдай тулаған көк теңізді жайлаған киелі қоныстағы тіршілік осылай жандана түсуде. Шағалалар балықшылардың басты бәсекелесі екен.
Жанұзақ Есендіков – өз ісінің хас шебері. Ауға түскен балықтарды ыждахаттылықпен алды.
Аудың бағасы 100 - 150 мың теңгенің аралығында екен. Балықшылар бір ау алты айға дейін жарамды дейді.
Мұнда балық арзан. Келісі 20 теңгеден басталады. Ең қымбаты тісті балық. Оның келісі – 400 теңге.
Бұл – Тастүбек елді мекенінің тұсы. «Бақыт» шаруа қожалығының қызметкерлері теңіздің басынан су маржанын өлшеп, қабылдап алады. Балықшылардың еңбекақысын сол жерде бірден есептеседі.
Бұдан соң өнім шағын мұздатқыш цехтарға жеткізіледі.
Онда балық алдымен тазаланып жуылады.
Мұнда күніне 5 тоннаға жуық балық әкелінеді. Су маржанын тазалап жуғаннан кейін, түрлеріне қарай бөледі.
Содан соң 25 гардус салқындықта тоңазытқыштарда қатырылады.
Облыс басшылығана Қырымбек Көшербаев келгеннен кейін, балық консорциумы құрылды. Өнделмеген балықты облыс аумағынан шығаруға тыйым салынды. Бұл бастама өңірімізде балық өңдеу зауыттарының қатарын көбейтуге сеп болды. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде ондаған балық өңдеу кәсіпорындары ашылды. Бүгінде олардың жылдық қуаттылығы – 11 мың тоннаның үстінде. «Арал балық өңдеу» ЖШС зауыты – ең үлкені.
«Камбала балық» балықшылар өндіріс орталығы ЖШС 2005 жылы іске қосылған. Бұл зауыт жылына 2 мың тонна балықты шетелге экспорттап отыр.
Жалпы, зауыттарға келген су маржандары екі-үш қайтара таза сумен жуылып, бөлшектеп кесіледі.
Балық өңдеу көлемі соңғы бес жылда 4,5 есеге артты. Өнімдердің экспорттық әлеуеті де жоғарылап келеді. Мәселен, 2012 жылы облыстан құны 3 млн. 626 мың АҚШ доллары болатын 724 тонна балық өнімі сатылды.
Ал 2013 жылы 411,2 тонна балық өнімдері Литва, Түркия, Грузия, Польша, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. Эспортқа шығарылған негізгі өнім – мұздатылған балық пен көксерке балығының филесі. Ал биылғы жылдың 8 айында 362,3 тонна балық өнімдері шет ел асты.
Мынау балықтың алқымы. Дәмі тіл үйреді. Арнайы қаптама қапталып, сатылады.
Бір ғана «Камбала балық» балықшылар өндіріс орталығында су маржанының 13 түрі өнделеді.
Филеден бөлек, су маржандары ысталады, кептіріледі. Барлығы соңғы технологиямен жасалады.
Қақталған балық тұтынушыларға ыңғайлы қаптамаға да салынып сатылады.
Балықшылардың өмірі бейнетке толы екенін көрдік. Ақ шағалалар қаңқыл қағып, сары сазандар мен ақ тырналар тіршілік тыныстарын кеңейткен өңірдің болашағы зор. Кезінде үдере көшкен аралдықтар туған топырағына қайта келіп, теңіз төскейіндегі қайықтарының ақ желкендерін қайта көре бастады.
«Ғасыр жобасының» екінші кезеңін қаржыландыруға байланысты жақында жиын өтті. Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа Сыр өңіріне арнайы келіп, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға ҚР Үкіметімен меморандумға қол қойды. Енді жыл соңына дейін құжаттар рәсімделіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Жоба жүзеге асқан уақытта Солтүстік Арал теңізінің су басу ауданы 3151 шаршы шақырымнан 4645 шаршы шақырымға дейін ұлғаяды, теңіздегі судың көлемі 27,1 текше шақырымнан 51,17 текше шақырымға дейін артады, балық аулау көлемі 30000 тоннаға жетеді. Сондай-ақ, балық шаруашылығы саласында 3 мыңға жуық жаңадан жұмыс орындары ашылады. Ал теңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы 1 шақырым болады. Сондықтан айбынды Аралдың келешегі кемел.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын” деген сөзі барша аралдықтардың жүрегіне мәңгілікке жазылып қалды.
Әзірлеген – Досжан Мейірбек.