«Аралар» мен «қаймақтардың» текетіресі (ВИДЕО)

28 Қыркүйек 2016, 04:25

Боруссия Дортмунд – Реал Мадрид 2:2

Футбол сүйер қауым үшін жаңа науқан басталды. Бір ғана Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде 96 матч болады.  Осы 96 кездесудің ішінде жанкүйерлер тағатсыздана күткен бір матч бар. Ол – футболистер мен бапкерлер үшін кезекті үш ұпай үшін ойнайтын ойын емес, принципке  толы кездесу. Біз әрине Дортмундтық Боруссия мен Мадридтік Реал жайлы айтып отырмыз.

Боруссия Дортмунд – Реал Мадрид  2:2

Алғашқы минуттардан екі команда да тек қана шабуылдау үшін алаңға шыққандарын дәлелдеді. Қақпашылар Бюрки мен Навастың шеберлігін айыпсоққыдан тексеріп алған қарсыластар ойынға белсене кірісті. Роналдоны жақтыртпайтың көрермендер әлемнің ең үздік төрешісі Клаттенбург доп Роналдоның қолына тигеніне қарамастан ысқырық шалмағанын бірінші тайм біткенше талқылады.

Роналду демекші, матчта алғашқы болып та есепті ашқан дәл осы футболшы. Бэйлдің керемет пасынан кейін ол еш саспастан допты қақпаға бір-ақ бағыттады. Дегенмен осыдан кейін ес жиып алған «аралар» шабуылға қайтадан лап қойды. Бірінші тайм бітуіне санаулы минуттар қалғанда Навас айыпсоққыны сәтсіз қайтарады. Өз командаласына тиген доп қақпа ішінен табылды. Ал гол салуды армандап шыққан Обамейянг қақпаға кіріп қойған допты теуіп, голды өз атына жазып алды. 

Екінші тайм толығымен алаң иелерінің басымдылығымен өтті деуге болады. Дегенмен, Зидан шәкірттері қорғана жүріп шабуылдау әдісін таңдаса керек. Осындай сәттердің бірінде Роналду берген пастан кейін Бензема допты қақпа маңдайшасына ұрып, ал қорғаушы Варан дұрыс позициядан табылып, голдың авторы атанды. Өз алаңында жеңіліп жатқан Дортмундтық Боруссия толассыз шабуылдап қақпашы навастың әбден мазасын алды. Еңбек зая кеткен жоқ. Ойынның 87 минутында алаңға тыңнан қосылған Андре Шюррле керемет соққымен есепті теңестірді.

«Аралар» ойын барысында гол салатын көп мүмкіндіктерін жіберіп алды. Ал соңғы уақытта сыңға ұшырап жүрген Зиданның командасы «тең ойнағанымызға тәубә» дегендей алаңнан көтеріңкі көңіл-күймен кетті.

 

"Боруссия": Бюрки – Пищек, Сократис, Гинтер, Шмельцер – Вайгль – Дембеле (Пулишич 73), Кастро, Гетце (Шюррле 58), Геррейро (Мор 78) – Обамейянг

Бас бапкер: Томас Тухель

"Реал": Навас – Карвахаль, Рамос, Варан, Данило – Модрич, Кроос, Хамес (Ковачич 68) – Бэйл, Бензема (Мората 88), Роналду

Бас бапкер: Зинедин Зидан


Рүстем ӘЛПИ

Бөлісу: