Арал теңізі жайлы 7 дерек

26 Қазан 2017, 13:07 32690

Арал теңізі жайлы сіз білмейтін сырлар

Арал атауы қайдан шыққан?

Арал теңізінің атауы бірнеше рет өзгерген. Теңіз жөнінде алғашқы деректерді антика дәуіріндегі әдебиеттерден кездестіреміз. Онда «Окс көлі» деген атаумен жүр. Геродот (б.з.д. 448 ж) Арал теңізін Каспий теңізімен байланыстырып, оны «Каспийдің сақ шығанағы» деп атаған. Ал араб географы Истрахи Х ғасырда өзінің «Климат» кітабында теңіз атауын «Хорезм көлі» деп көрсетеді. ХVІІ ғасырда орыс ғалымдары Арал теңізін толық зертеуден өткізіп, «Үлкен сызу кітабы» мен Мәскеу мемлекетінің картасына енгізді. Онда Арал «Көк теңіз» деген атауға ие болыпты. «Арал» деген атау бертін ХХ ғасырда пайда болған. Жергілікті тұрғындар теңіз аумағы кішірейіп, бірнеше аралдар пайда болғаны үшін осылай атап кетсе керек.

Бактериологиялық қарулардың сынақ аймағы

Арал аумағындағы Барсакелмес пен «Возрождение» аралдарында бактериологиялық қару түрлерін сынайтын полигон болғанын әркім біле бермейді. Осы ең құпиялы әскери нысан РФ Президенті Борис Ельцин жаптырып тастағанша, шамамен 45 жыл жұмыс істегенді. «Возрождение» аралында сынақ жасау үшін Киров, Степногор секілді зауыттарда арнайы биологиялық оқ-дәрілер әзірленген. Бұл аралға ереже бойынша қырық шақырым жақындауға рұқсат етілмеген. Сол сияқты, мұнда әскери биологтар мен арнайы қызметкерлер тұратын қалашықтар болған екен. Олардың ең ірісі мыңнан аса адам тұрған «Арал-7» нысаны.

«Жартылай теңіз – жартылай өзен»

Арал теңізінің су құрамында сульфат пен карбонаттар көп кездеседі (теңіз тұзының құрамында да сульфат анионы (0,82%) мен кальций катионы (0,03%) көптеу). Карбонаттар теңізге құятын Әмудария мен Сырдария өзендерінің ағысы арқылы келеді. Бұдан шығатын түйін:  Арал теңізінің суы – кәдімгі теңіз суымен де, өзен сумен де байланысы бар, «жартылай теңіздікі, жартылай өзендікі» болып есептеледі.

Арал астындағы геометриялы өрнектер

Әлі күнге дейін сыры ашылмаған Арал түбінен геоглифтердің табылуы ғалымдарды да, қарапайым жұртты да қайран қалдырып отыр. 1990 жылы Қазақ ғылыми зерттеу институтының ауа райын бақылау орталығы қызметкерлері шамамен 500 шаршы метр алаңда бір бағытқа тартылған он шақты ірі геометриялы сызбаларды суретке түсірген. Кей деректерде ол сызбалардың ені екі метрден елу метрге дейін жететіндігі айтылады. Оның қалай, қашан пайда болғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, бұл геоглифтердің көмегімен планетаның өрісін сезінуге, меридиан сызықтарын бағамдауға, кеңістікті ажыратуға және тағы басқа мағлұматтарды білуге болады екен.

Теңіз табанында тарихи ескерткіштер қайдан жүр?

Арал аумағында 60-қа жуық тарихи және сәулет ескерткіштері бар екен. Зерттеушілердің пікірінше, теңіз суы бұған дейін бірнеше мәрте тартылып, толысып отырған. Теңіздің тартылған құрғақ табанынан ХХІ ғасырдың бас кезінде Кердері І, ІІ кесенелері мен Арал асар қалашығының табылуы ортағасырлық мәдениет пен өркениеттен сыр шертеді. Сондай-ақ, теңіз табанында керуен жолдарының да ізі қалған. Кейіннен теңіз суының көбеюі оның жойылуына алып келген. Ілгеріде айтқан Кедері ІІ кесенесі сәулеттік ескерткішке жатқызылады. Оның биіктігі – 1,6 метр, ені мен ұзындығы 30 х 42 метрді аумақты алып жатыр. Ал ескерткіштің маңынан тас қайрақтар, кірпіш цехы, шырақтар мен тиындар, ірі диірмен мен астық сақтауға арналған ыдыстар табылды.

 «Теріс» теңіз

Арал теңізінің басқа теңіздерден ерекше екенін дәлелдейтін екі себеп бар. Оның біріншісі – теңіз ағыны сағат тіліне қарама-қарсы жүреді (солтүстік жарты шарда барлық теңіздер сағат тілі бойынша ағады). Екіншіден, теңіз түбіне қарай судағы оттегінің азайатыны анық, бірақ Арал теңізінде керісінше – көбейеді.

Камбаланың көбеюі

Бір қызығы, Арал теңізінде басқа балық түрлері кеміп жатса, камбала балығының саны өсіп жатыр. Бір кездері бұл балықты аулау жылына 1 миллион тоннаға дейін жеткен екен. Ол Аралға Қара теңізден әкелінген. Сол сияқты теңізден Арал шаншар балығы, Арал табан балығы, торта балық, майбалық, ақкөз, ақбалық секілді байырғы балық түрлерін кездестіруге де болады.

Бөлісу: