Қарадөң

6 Қыркүйек 2014, 12:09

Қазақстан тарихы

Қарадөң бір жаста әкеден, екі жаста шешеден жетім қалады. Бала сөйтіп жүріп үш жасқа жетеді. Сонда Қарадөң ноғай еліне келеді. Балалар қаңғырып жүрген баланы сабалап қуады, соған қамығып жылап отырған баланы астында есегі, басында сәлдесі, үстінде мәллесі, қолында асасы бар бір кісі келіп: «Анда тұрған тоғыз үйдің ортасындағы үлкен үйге бар, солар бала қылып асырайды» дейді. Бала жаңағы үйге келеді. Үй ішінде отырған кемпір балаға назар аудармайды. Үй егесі шалдың алдынан шығып Қарадөң атын ұстап байлайды. Шал баладан жөн сұрайды. Бала: - Мен бір жетім баламын, ата-анам жоқ, - дейді.

-   Мына қаңғырып жүрген балаға киім, тамақ беріңдер. Осы үйде тұрсын, кез келгенін ішіп-жесін, - дейді шал. Ол үйдің де жүгіріп жүрген баласы бар екен. Қарадөң осы үйдің баласы болып жүре береді. Күндердің күнінде шал Қарадөңді ертіп кеңеске апарады. Сөйтсе, шал тоқсан баулы ноғайлының ханы екен. Бұл уақытта Қарадөң он беске жасы келгенді. Хан батыры мен биін жинап алып кеңес етеді. 

-   Осы баланы, шамадан келсе, сыйлағым келеді. Астымдағы тағымды, басымдағы тәжімді берсем, - дегенде бала жылап «Қаңғырған қу жетімнің таққа отырғанын кім мойындайды» деп егіледі.  

-   Бір балам бар еді, ол қатарға кірмейді. Мынау тұрған Қарадөң кеудесі толған сана еді. Тоқсан баулы ноғайды, тірі болса бағады. Ашы менен арығын, пақыр, міскін, кәрібін түгелдей көңлін табады, - деп атасы мұны қолдап сөйлейді.  

-   Мен бес жылдай, оның әкесі – ханның қасында жүріп едім. Әкесі ел билеген хан еді, ақылы көп жан еді, - деп ханның сөзін қостап бір бек сөйлейді. 

-   Бір-екі жыл қасында жүріп көрейін. Бірақ, тақты берейін, - деп атасы Қарадөңге тағын берді. 

Қарадөң ұзақ жатып ойланып, екі-үш күн өткеннен соң атасына келіп:

 -   Қараменде деген қалмаққа барайын, соны шауып алайын, - деп ер қаруы – бес қаруын асынып, басына дулығасын киіп, қара тұлпарды ерттеп мініп, жүріп кетеді.  

Қарадөң батыр жалғыздан-жалғыз қалмақтың елін бетке алып жортып жүріп кетеді. Жолда әкесі Бекті есіне алып, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қырық шілтен Қызырға сыйынып келеді. Астындағы Қара аты шапқан сайын зулайды. Қанша жүргенін кім білсін, зырлап күндер, қараңғы түндер өтіп жатыр. Дамылсыз шауып келеді, қара ат-тағы піл болды. Төрт аяғын тең басып, ұшқан құспен тең болды. Ен даладан өткенде, қалмаққа жақын жеткеенде, алыстан үлкен шаң көрді. Ақ семсерін қолға алып, қалмақка қарап ақырды, аллалап ұран шақырды. Бірін найзамен шаншып, екіншісін қылышпен шауып шетінен қырып барады. Қалаға қашқан қалмақты қуалап жүріп өлтірді. Мұсылман қылды діндерін. Жесір-жебірін, жетімін, малын елге айдады. Атасына сәлем беріп, мал мен мүлікті Ноғайлының аш-арық жандарына таратып беруін сұранды. Хан өзінің жалынды сөзімен елді Қарадөңге артқан сенімінің дұрыс шыққандығын айтып шаттанды. Елін жинап той қылды. Арада неше жыл өтті. Ханның баласы Бердіханды ноғай елі адамдары азғырды. Әкесі жоқ күні олар келіп кеңес қылды. Билердің бірі тұрып:  

-        Ай, Бердіхан, Бердіхан, әкеңнің тұрған алтын тақ, қаңғырып келген жетімге билеттің оны сен бейбақ. Алтын тақты билеуің, саған бала, жөн еді. Айрылдың мұра орныңнан, ақылың сенің кем, - деді. Араға түсіп шайтандар бала қатты қысылды. Ақылы кемдігі білінді. Әкесі мен баласын бір-біріне қарсы қойды. Бала әкесінен барып тағын сұрамаққа бекінді. Қарадөң бұл сөздерді естіп, өзінің жетімдігі есіне түсіп қайғыланып қан жұтты. Қалаға келгеніне өкініп, кетпекке ой қылды. 

Бұл кезде Бердіхан да әкесіне келіп:

- Жетімді қойып тағыңа, бердің маған зорлықты. Хан баласы болсам да, қатарыма енбедім, - дейді. Хан баласын ертіп жиналған топқа келеді. Топ алдында тұрып айтқаны:

- Атам деп маған ермедің, жолығып жауап бермедің, қатарымда жүрмедің. Жас он беске келгенше қатарымды көрмедің. Қарадөң жауымнан кегімді әперді. Жақсымен жолдас болды. Жасы үлкенді сыйлады. Жаманға жүдә ермеді. Соны алуға билерің мен шораңды ертіп келгенің не, - дегені. – Жауыңа қарсы тұра алмайсың. Сені хан қойсам, елім бұзылады. Ел бұзылса хан болып тұра алмайсың. Елінің басты адамы бар еді. Ол ханды қостады. Ол қостағаннан соң барлығы да қостады. Қарадөң «Мыналардың ойы бұзық екен. Тағы да қалмақты шабайын» деп ойланып, қаруын асынып, атын дайындап жорыққа аттанды. Бір де бір адам ермеді. Қалмақтың Қаразым деген хандығына қарай келеді. Сегіз жүз қалмақты Қарадөң қырып салады. Қырылып көбі қалған соң не етерін білмей сасады, қалаға келіп қамалды-ай, таппады басқа амалды-ай. Қарадөң мінген қарасы желеді есіп самалдай. Қаланың ішін қан қылды, қатын менен баласын, қалмақтың алды қаласын. Мұсылман қылды діндерін, жесір-жебір, мал алып. Қаразымның қызы еді, Гүлқашима сұлуды алып жүрді оны да, еліне қайтты, қарашы. Бірнеше күн жүреді, нақ үш айға толғанда жесір-жебір, мал алып, еліне сонда келеді. Жесір менен жебірді үлестіріп батырың халыққа оны береді. Жарлысы байға теңелді...

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: