ҚАРА ТЕҢІЗДІҢ АР ЖАҒЫНДА НЕ БАР?

5 Наурыз 2014, 11:07

Ольга өте сұлу ару екен. Түркі қаны араласқандықтан болар, қара теңіздей терең, алақандай қара көздері де, белге дейін бар мүсінін сырт көзден қызғанғандай жауып тұратын қара шашы да, бейкүнә күлкісі де кез-келген ер адамын ынтықтырары сөзсіз.

Одесса. Аркадия жағажайы. Ұшы-қиырына көз жеткізсіз қара мұнайдай теңіз аспанмен астасып алыс көкжиекке барып бір-ақ тіреледі. Кемерге ұрған толқындардын шуылына шомылған жұрттың дабыр-дұбыры қосылған жағажай азан-қазан. Ақшыл құмнан сарай соғып, ойнап жатқан бала-шаға күлкісі құлаққа еміс-еміс жетеді. «Сыра алыңыздар», деген даяшы қыздың өтінішті үні осындай шу-шұрқаңнын арасынан әлсіздеу естіліп, қайта құмығады. 

Шезлонгқа шалқалаған Қамбар оның ештенесін елемей, күнге қыздырынып, рахатқа батып жатыр. Төрт жыл бойы демалыссыз жұмыс істеген жігітке Жаратқанның өзі мұндай мүмкіндіктің болатынын көрсетіп, шүкіршілік айттырды. 

Кепкен балықты таңдайына басып койып, «Оболонь» сырасын сімірген сайын «рахат-ай» деп қояды. Жаны да, тәні де сергіп, несін айтасың, сабазың масайрап жатыр, әншейін. Осында жаңадан жалғыз келгені ойына түсіп, өзіне-өзі дән риза. «Ешкім де менің не істеп, не ойлап жатқанымды білмейді. Еркіндік!». 

- Кешіріңіз, мына жерде шатыр таусылып қалыпты, сіздің шатырыңыздың саясына шезлонгымды қойсам, қарсы емессіз бе? Күнге қатты күйіп кетем деп қорқамын. 
Қамбар селк ете түсті. «Тыныштығымды бұзған кім?» - дегендей көзін бақырайта ашып, төбесінен төніп тұрған жас қызды көрді. 

Дыбыстың жылдамдылығынан жүйрік «әдемі екен» деген алғашқы ой жігіттің басына бірден келді. Оймақтай ғана басынан сусылдап түскен қара шашы белін жауып кеткен. Өзі бір сұңғақ бойлы, дене бітімін суреттегідей дерсің. Қамбар не дерін білмей, абдырап қалды. Басын изегеннен басқа ләм-мим демей, орнынан тұрып, теңізге беттеді. 

Жылы толқынға қарсы сүңгіген Қамбар, су астынан жаңағы қыздың бейнесін тағы да көргендей болды. Құдды сол... Аппақ етін айтсаңшы! Шашы дудырап, теңіздің астында жайылып жатыр екен. Осы көріністен шошыған ол су бетіне шыққанша асықты. Мұз жегендей, денесі тоңазып, тісі тісіне тимей дірілдей бастады. Онысы несі-ей! Ана қызбен бір-ақ сәт ғана жүздескен еді ғой. Су перісі емес пе екен деген ой жылт ете түсті. 



Құрысыншы! Сыраны көп ішіп қояған болуым керек, содан неше түрлі нәрселер елестей бастаған ғой деп өзін-өзі сабырлыққа шақырған Камбар, судан шықты. 
- Сіздің атыңыз кім болады? Құр отырғанша таныс-біліс бола жатайық? 
- Қамбар... 
- Өте қызық ат екен? Сіз Ресейден келдіңіз бе? Жоқ әлде Қытайдан ба? 
- Жоқ. 
- Қайдан? 
- Мен қазақпын! 
- Қазақ?! 
- Қазақстан туралы естуіңіз жоқ па? 
- Қазақстан?.. 
- Жағрафиядан мектепте қанша алатынсыз? 
- Төрт 
- Дұрыс оқымағандығыңыз көрініп тұр... 
- Сіз ашулысыз ғой! 
- Сізге Украина деген қандай ел десе, қандай күйде болар едіңіз? 
- Кешіріңіз. 
- Әрі беріден соң, Қазақстан мен Украина кезінде бір одақта болған, біз ортақ саяси жүйеде өмір сүргенбіз! 
- Сіз сонда қаншадасыз? 
- Менің жасым жиырма жетіде. 
- Жап-жас болып осының бәрін басыңызға қалай сыйдырып жүрсіз? 
- Мен пионер болғанмын! 
- Пионерлер туралы естуім бар. Мен он сегізге бір апта бұрын ғана келдім. Есімім Ольга. 
- Өте қуаныштымын! 
- Міне, енді ғана ашуыңыз тарқай бастаған сияқты – деп Ольга сыңғырлай күлді.
- Ольга, сіз ата-анаңызсыз жалғыз демалып жатырсыз ба? 
- Иә, өзім Донецкіден келдім. Әкем былтыр қайтыс болған, шешем ауылда, өзім Одессаға жұмыс іздеп келдім. Ал, сіз ше? 
- Кешіріңіз, әкеңіз бақилық екенін білген жоқпын. 
- Ештеңе етпейді. 
- Сыра алдырайын, ішесіз бе? 
- Теңізді бала кезімнен армандайтынмын, бірақ, мұнда бірінші рет болуым – деді Ольга Қамбардың сөзін естімегенсіп. 
- Мен де қара теңізге алғаш рет келуім. 
- Ұнай ма? 
- Өте. 

Қамбар Ольганы кешке ресторанға шақырды. Екеуі көп әңгімелесті. Қамбар өмірі заңғар тау көрмей жазық далада өскен қызға Алатауды сипаттап, Ольганы асқарларға әбден ынтық қылды. Ольга өз кезегінде балалық шақтың бал күндерінен сыр шертті. 

Ольга өте сұлу ару екен. Түркі қаны араласқандықтан болар, қара теңіздей терең, алақандай қара көздері де, белге дейін бар мүсінін сырт көзден қызғанғандай жауып тұратын қара шашы да, теңіздің түбінен жаңа шығарылған маржандай аппақ тістері де, бейкүнә күлкісі де кез-келген ер адамын ынтықтырары сөзсіз. 

Рестораннан шығып, Ольганы таксиге салысымен, қонақ үйге бет алған Қамбардың ойынан украин қызы бір шықпай қойды. Осындай да әдемілік болады екен-ау, шынымен 

Алла Тағалам да сүйген құлына осындай көрікті береді екен, ә. Жаны да сондай нәзік екені балауса әңгімелерінен–ақ сезіліп тұр. Күлкісі де адам баласын есінен тандырып, есімін ұмыттырып жіберердей. Жаратқаннан артық мүсінші жоқ-ау, сірә! Алма мойынынан бастап аяғынын саусағына дейін керемет сүйіспеншілікпен, ерекше ыждаһаттылықпен сомдаған Ием бұл періштені кімге бұйыртқан екен?! 

Бірақ, мұндай сұлулықты сыйға тартқан Құдайым мұны шынымен бақытты қылар ма? Бір нәрсе берсе, көп нәрседен Жаратушым таршылық қылады демеуші ме еді. Жоқ, Ольганың тағдыры өзі сияқты әдемі болуы тиіс. Ол бақытсыздыққа емес, сүю үшін жаралған жан! 

Түні бойы тыным таппай шыққан Қамбар түс болмай теңізге барып, жағасын бойлай отырып, Ольганы іздеді. Таппады. Телефонын да сұрамағанына қатты қапаланды. 

- Қамбар, мен сені таба алмай іздеп жүрмін! – деген таныс дауыс шыққанда Қамбардың төбесі көкке екі елі жетпей қалды. 
- Ольга, мен де сені іздеп жүрмін, енді таба алмай қаламын ба, кездесе алмай кетеміз бе деп қатты қорықтым. 
- Рас па, әлде сен менің ойымды оқып тұрсың ба?! – Ольга басын шалқайтып, рахаттана күлді. 
- Қалай ұйықтадың? 
- Рахмет, жақсы. Сенің түрін шаршаулы ғой, денсаулығын жақсы ма? 
- Теңізге келген соң, ауа райына бейімделе алмай жатқаным ғой – деп Қамбар қулана жауап берді. 
- Мені таксиге салып жіберіп, басқа қыздармен таныстым де... 
- Жоқ, Құдай сақтасын! Сенімен бір танысқан адам басқа әйел затына зауқы соқпайтынын өзін де білесің ғой – Қамбар өз ойынына өзі разы болды. 
- Ә, бұл дұрыс әңгіме! Кешірдім деп есептей бер – деді Ольга қасын бір керіп қойып. 
- Шомылайық! 
- Мен таяз жерде ғана құр жүрейін, себебі малту білмеймін - деді Ольга өкініш кейпімен. 
- Үйретемін, жүр! 
- Қорқамын, теңіз мен үшін белгісіз әлем сияқты көрінеді де тұрады... 



Камбар алысқа ұзап кеткенде, Ольга жағада суға аяғын салып, оны күтумен болды. Теңізде шомылып жұрген құжынаған адамдар арасынан кейде көрініп, кейде жоғалып кететін Қамбардың сұлбасын іздеумен отырды. Кеуде тұсын шым-шым еткен түсініксіз жай-күйді байқамастан: «қазақтардың барлығы осындай сымбатты, әрі батыр тұлғалы болып келе ме екен?..» деген ойы қайталана бергендей. 

От шашып тұрған көздері де ерекше мейірімге толы, айтқан сөздері де сондай мәнді, жүректің түбіне жететіндей, көзқарасы, қырдай мұрыны... Рухының беріктілігін білдіріп тұрған өр кеудесі, қайраттылығы мен құмары қанбасын айшықтап тұрған томпақ еріндері де менің жан-дүниемді жаулап әкетіп бара жатқандай... Неге мен осы бір қазақтың көзіне қарасам, қара теңіздің түбіне батып бара жатқандай сезінем өзімді?.. 

- Неге шомылмай отырсың? 
- Қорқамын. 
- Қорқақ қоянмын де... 
- Мазақтама – деп Ольга еркелей сөйледі. 
- Жүр, ресторанға барып, түстенейік. 
- Бұл өте дұрыс ұсыныс! 
«Қасымда келе жатқан адамды қорғанымдай сезінемін...». 
«Қасымда келе жатқан аруға деген нәзік сезімімнен жүрегім елжіреп келеді...». Ой үстіндегі екеуі үнсіздікті кім бірінші боп бұзар екен дегендей, бір-біріне екеуі де тіл қатпай келе жатыр. 

Теңіздің жағасынан қалаға қарай көтерілу жеңіл шаруа емес, сондықтан Қамбар жол көлігін ұстап, Ольгаға мәшинеге отыр деген ишара білдірді. 

Таксист жасы егде тартып қалған еврей әзілқой шал екен. Одессаның соңғы анекдоттарын айтып, екеуін ішек-сілесін әбден қатырды. Кейде «әдепсіздеулері» кетіп қалса, Ольганың бетіне қан үйіріліп, қызарақтап ұялып қалады. Сондай сүйкімді қылық... 

Мәшине ішіндегі магнитофоннан бір кезде «Однажды» тобының әні құйылды. Әннің мағынасы осы екеуі сияқты теңіздің жағасында танысып, айырылысуға бір-бірін қимай бара жатқан қос ғашық туралы екен. Екеуі білдірмеуге тырысып күрсінгенін байқаған шал магнитофон дауысын қаттырақ қойып, мәшиненің жүрісін баяулата түсті. 
- Кештеу болып қалды мен қайтайын?! 
- Ольга... 
- Иә, Қамбар. 
- Ольга, мен сен сияқты сұлу да пәк жанды бірінші рет кездестіруім. Ерекше нәзік сезім жүрегімді торлап алып, тәтті бір күйге түсіріп әлекке салды мені. 
- Қамбар, сен шыныңды айтып тұрсың ба? 
- Имандай шыным! Кешеден бері ойымнан бір кетпедің, таңертеңгі шаршау жүзім де сені түні бойы ойлап, ұйықтай алмай шыққанымның айғағы. 
- Мен де сен туралы ойлай беремін, сенің қасында өзімді жеңіл әрі сабырлы сезінемін. Бұл қайдан келген күй екенің түсінбей-ақ қойдым?! 
- Ольга, сен ғашық болып көрдің бе? 
- Жоқ. 
- Қызық екен... 
- Мен үшін таласып-тартысып жүрген деревнядағы балаларды түсінбейтінмін. Бұл бір тыным таптырмайтын сезім болу керек... 
- Дәл солай, бұл сезім ұлы ерлікке де, ойға кіріп шықпайтын зұлымдыққа да итермелейтін сезім... 
- Шын сүйгендер бір-бірі үшін жанын қия салады дегенде күлетінмін. 
- Ол рас. Есіңде ме Ромео мен Джульетта? 
- Олар әдеби кейіпкерлер ғой! 
- Біздің тарихта да сүйіктісі үшін өмірін қиған нағыз ғашықтар өткен... 
- Айтып берші. 
- Мысалға Ләйлі-Мәжнүн, Еңлік-Кебек, Қалқаман-Мамыр... 
Махаббат хиқаяларын бірінен соң бірін тізбектеп, майын тамызып суреттеп келе жатқан Қамбар Ольганың үнсіз жылап келе жатқанын байқамай да қалды. 
- Мен үшін біздің танысуымыз тағдырдың өзі ұйымдастырған сияқты, Қамбар – деді Ольга ауыр демалысын тежеген болып. 
- Ольга саған не болды? Мен сені ренжітіп алған жоқпын ба? 
- Жо-жоқ! Менің бойымда алғаш рет ер адамға деген ынтық сезім пайда болып, соның екпініне шыдай алмай келе жатырмын. Оған қоса қазақ ғашықтарының махаббат хиқаяларына тамсанып, оларды аяп, көңілім босап кетті. 
Ай сәулесі түсіп тұрған парк іші құдды бір ертегідегі орманның алаңы сияқты. Жан-жағында тірі жан жоқ. Екеуі ұзақ сүйісіп тұрды... 
- Қамбар, менің пәктігімнен ұзатар алғашқы түнімді саған арнағым келеді, қарсы емессің бе? 
- Аяулым... 
- Менің бір-ақ өтінішім бар. 
- Айтшы, жаным! 
Қамбар Ольганың балауса мойынынан аңқыған тәтті иісінен құшарлана иіскеген бойы басын алғысы жоқ. 
- Мені түнгі теңіздің ортасында алып шықшы! 
Теңіздің беті ғарыш сияқты. Жұлдыздардың су бетіне шағылысып, сәулеленіп тұрғаны адам жанына ерекше бір қорқыныш ұялатады екен. Жағаға құшақтаса келген екеуі осы бір керемет көрініске таңқалып, ұзақ қарап тұрды. Әлсін-әлсін шуылдап келіп соққан толқындар «қара теңізге қош келдіңдер» дегендей аяқтарынан тартады. Ольганың шашы теңізден соққан бризге құрбан болып, ауаға дудырай шашылады. Еркектің қайратты құшағын алғаш көрген ол одан әрі ынтығып, Қамбардың бауырына құшарлана кіреді. 
- Ольга, менің естуімше Қара теңіз адамдардың тілектерін орындайды екен. Жағасында тұрып, не тілесең сол арманыңа қолың жетеді. 
- Олай болса, мен теңіз-анамнан екеуміздің мәңгі бір болуымызды тілеймін. 
- Мен де соны тіледім. 
- Қамбар, Қара теңіздің ары жағында не бар? 
- Теңіздің ар жағында менің Отаным – Қазақстан бар, мен сені үйіме алып кетемін, біз бақытты өмір сүреміз. 
- Сен мені Алатауға шығарасың ба? 
- Әрине. 
- Одан қара теңіз көрінбейтін шығар... 
- Кішкентай ақымағым менің! 
Қамбар катерді жалдап келгенше, Ольганың ойы сан-саққа шашырады. Өзінің қандай белесте тұрғаның, қандай шешімге бел буғаның ойлаған ол абдырап жағада біраз отырды. 
- Ольга, катеріміз дайын, кетейік. 
- Қамбар менің жүрегім айнып, бір түрлі дегбірсізденіп тұрмын. 
- Жаным, қиналмағын, егер өзіңді нашар сезінсең үйге қайтайық. 
- Жоқ, мен сенімен бірге осы түнді өткізгім келіп тұр. Бәрі ойдағыдай! 
Гүр еткен катер, суды қақ жарып, теңіз ортасына қарай жүйткіді. Теңіздің ортасы иесіз, жабайы бір әлем сияқты. Қара түнде қап-қара болып жатқан теңіз күңіреніп, тыныштығын бұзған «көңілшек» адамдарды жақтырмағандай сіркіретіп жаңбырын құя бастады. «Мұнда өмірден гөрі, ажал көп қонақтауы керек» – деген оғаш ой Ольганың ойында жылт етті. Жаңбыр үдете келе, артынан құтырып жел соға бастады. 
- Ольга, кейін бұрылып, үйге қайтқанымыз абзал, мына желдін түрі жаман – деді Қамбар дірілдеп шыққан дауыспен. 
Қамбар ауызын жинап үлгергенше, катер бір толқын үстіне шығып кетіп, бір-ақ секірді.

Жігіттің мойынынан құшақтап, тік тұрған Ольга шалқалай суға құлады. Арада бірнеше секунд өтті. Қамбар жан-жағын қарманып, «Ольга, Ольга! Капитан, тоқтат катерді, Ольга суға кетті» деп жандауыстап айқалап жіберді. Үлкен жылдамдықпен келе жатқан катер Ольга құлаған жерден бұл кезде ұзап кеткен еді... 
- Ольга, жаным дыбысыңды білдірші, Ольга-а-а-! – деп айқалай жылаған Қамбардың көз алды тұманданып кеткен. 
Жарты сағат уақыт катер теңіздің бетін ары да бері тілгілеп жүріп алды. 
- Бауырым, Ольганы теңіз жұтып қойды, сабыр ет – деп капитан Қамбардың иығынан қысты. 
- Жоқ, мен мына жаңбырдан оның дауысын естімей тұрмын, тағы кішкене алдыға жүрейікші, ол тірі мен оны табуым керек! 
- Бауырым, ол жүзе алған күннің өзінде мынадай толқындар оны баяғыда елу есе жауып кетті, құтқара алмаймыз, өзіміз аманда жағаға жетіп алайық. 
- Оленька, кешір мені! Оля-я-я! 

Сот үрдісі алты айға созылды. Барлық дәлелдер тындалып, сол түнгі ауа-райы есепке алынып, капитан мен оның көмекшісінің сөздерінен кейін Қамбарды сот кінәсіз деп табуға шешім қабылдады. Алайда, Қамбар өзін-өзі кешірген жоқ. Он екіде бір гүлі ашылмаған қызды құтқара алмаған өзіне қарғыс айтты. 

Сот үкімін оқып жатқанда кенет ол «Мен кінәлімін, мен оны әдейі суға итеріп жібердім» - дегенде сот мәжілісі залындағы адамдар сілейіп қалды. 

Сот өз кінәсін мойындағаны үшін Қамбарды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сегіз жыл бойы күнде түсінде Қамбар қара теңіздің түбінде аппақ денесі жайылып, қап-қара шаштары жан-жаққа шашырап жатқан Ольганы көретін. Ольга бұған: «Сені күтемін жаным, келші» деп сыбырлайтындай. Сол кезде қыз дауысын толқындар шуылы басып кететін еді... 

****** 

Сегіз жыл да көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Қақпаның сыртында екі иығына екі кісі мініп алғандай, сымбатты бір жігіт Қамбарды күтіп тұр. Ол Қамбардың он жеті жасында Алматыда қалған інісі. 
- Аға, үш сағаттан кейін ұшағымыз ұшады, кетейік - деді Айбар аман-саулықтан соң. 
- Жоқ, інім менің бұл жерде бітпеген бір шаруам бар, теңізге барайық. 
Жол-жөнекей Қамбар жүз ақ райхан гүлін сатып алды. Катерге мінген ағалы-інілі теңіздің ортасына қарай бет түзеді. Біраз ұзағаннан соң Қамбар жүргізушіден катерді тоқтатуды өтінген ол, теңізге біраз қарап тұрды да, айқай салып, жылап жіберді. 
«Ольга, жаным, жіберші мені» - деп күбірлеген Қамбар дірілдеген қолдарымен гүл желектерін үзіп, су бетіне бір-бірден шаша бастады. Бір сағат өткеннен кейін, катердің маңайындағы қара теңіздің беті аппақ аралға айналды. 
- Інім, Айбар, көрдің бе мен оны осындай аппақ сезіммен сүйген едім, ал мына жалмауыз Қара теңіз оны жауыздықпен жұтып қойды! – Қамбар су бетіне жас парлаған көздерімен сұстана қарады. 
- Аға, енді Ольганың жаны теңіздің осы жеріне келіп тыныштық табар, кетейік. 
****** 

«Құрметті жолаушылар! Біздің ұшағымыз Алматы әуежайына қонуға бет алды, орындықтарыңызды тіктеп отырып, белдіктеріңізді байлауларыңызды өтінеміз». 
Демалыс сегіз жылдан соң аяқталды...

Ақберен ЕЛГЕЗЕК

2005 жыл
Алматы

Бөлісу: