20 Қазан 2015, 09:53
Тамыры терең тарих
390-шы теңіз жаяу әскерлері бригадасының тарихы сонау 1941 жылдың желтоқсан айынан бастау алады. Сұрапыл соғыс басталған жылы Алтай өлкесіндегі Алейск қаласында 892 атқыштар полкі жасақталып, алғашқы шайқас Волгоград түбіндегі Фомино елді мекенінде басталған. Ұлы Отан соғысы кезінде аталмыш полктің жауынгерлері жасаған көптеген ерліктер тарих бетіне жазылыды және олар елеусіз қалған жоқ. Волгоград түбіндегі неміс әскерлерін кейін ысырғаны үшін полкқа Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен 1943 жылдың 2 ақпанында «Гвардиялық» деген құрметті атақ берілген. Ясск-Кишинев ұрыстарындағы жетістіктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен 1944 жылы қыркүйекте «Александр Невский» орденімен марпатталды. 1945 жылы Австрия астанасы Венаны азат еткені үшін «Веналық» деген құрметті аттаққа ие болған. Будапешт шайқастарында көрсеткен ерліктері үшін «III дәрежелі Кутузов» ордені беріліпті. Полк соғыс біткеннен кейін Вена қаласынан Өзбекстандағы Қата-Қорған елді мекеніне көшіріледі. Ол жақтан 1960 жылы Самарқандқа, ал 1971 жылы Жамбыл облысындағы Гвардейскийге көшіріледі. Сол кезеңнен бері даңқты полк қазақстандық болып саналады. 2002 жылдың маусымынан бастап 51-ші гвардиялық мотоатқыштар полкі 2-ші гвардиялық дербес бригада болып қайта жасақталып, «Батыс» өңірлік қолбасшлығы құрамына енгізілді. 2004 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің қаулысына сәйкес 390-шы теңіз жаяу әскерлері бригадасы болып қайта құрылды.
«Біз қайда – жеңіс сонда!»
Әркез «Біз қайда – жеңіс сонда!»,-деп ұрандататын теңіз жаяу әскерлері бригадасының жауынгерлік даярлығы жоғары деңгейде екендігі әскери қалашықтың территориясына кіріп, саптық алаңмен аяңдай бастағанда-ақ аңғарылды. Маңғыстау өңірі мидай сары жазық даласымен өзгеше көрінді өз басыма. Осы өлкенің климаты, ауа-райы тіптен бөлек. Күннің аптап ыстығы мен аңызақ желі бет қаратар емес. Міне осындай климат, ыстық ауа-райына қарамастан, күн демей, түн демей бір ортақ мақсатқа жұмылы кіріскен теңіз жаяу әскерлері бригадасы антқа адал, міндетке өте жауапты. Біз әскери бөлімге қарай аяңдағанда, қаз-қатар сап түзеген жауынгерлер артынып-тартынып теңіз жағасында өтетін кезекті жаттығуға аттанып бара жатты.
Теңіз жаяу әскерлері бригадасы Қарулы Күштердегі жалғыз бригада.
Арнайы мақсаттағы 2-ші теңіз жаяу әскер батальонының командирі гвардия капитаны Ерболат Нұрланов:
Маған сеніп тапсырылған арнайы мақсаттағы теңіз жаяу әскер батальоны 390-шы теңіз жаяу әскер бригадасының құрамында еліміздің Батыс өңірінің Каспий жағалауынының қорғанысын қамтамасыз етеді. Батальон құрамында әр текті мамандар бар, олар нағыз кәсіпқой мамандар. Батальон жеке құрамының көпшілігі мерзімді қызметкерлер болып табылады. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған Отан қорғаушылар жауынгерлік әзірліктерін нығайтып, шеберліктерін шыңдап жүр. Батальонның күнделікті тіршілігі үнемі жауынгерлік міндеттерді табысты орындау, жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйі батальондағы ішкі тәртіпті, техника мен қару-жарақтарды жауынгерлік әзірлікте ұстау. Арнайы мақсаттағы 2 теңіз жаяу әскер батальоны Қарулы Күштеріміздің 20 жылдығында Отар қаласында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, саптық даярлығын өте жоғары деңгейде көрсетті. Осы жылы 7 мамырда Астана қаласында өткен Отан қорғаушылар күнінде де «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Мұрат Нұғмановтың басшылығымен әскери парадқа қатысып, теңіз жаяу әскерлерінің атын шығарып қана қоймай, басшылық тарапынан оң бағаға ие болды.
1-ші теңіз жаяу әскер батальонының оператор-топогеодезисшісі гвардия қатардағы жауынгері Сабыржан Қабыл:
Мен әскери қызметке шырайлы Шығыс жері Семей қаласынан шақырылдым. Теңіз жаяу әскерлері бригадасында әскери борышымды өтеп жүргенімді үлкен абырой санаймын. Әскери қызметте жүріп шыдамдылық, төзімділік, сабырлылық секілді асыл қасиеттерге үйрендім. Менің пікірімше әр ел өзінің төл әскерімен мақтана білуі керек. Қазақстан Республикасының мақтанарға тұрарлық айбынды армиясы бар, соның бір тармағы – теңіз жаяу әскерлер бригадасы. Жауынгерлік даярлықты нығайту күн тәртібінен түспейтін басты талап. Бұдан өзге біз әр аптаның соңында кір тасын көтеру, арқан тартыс секілді спорт түрлерінен жарыстар өткізіп тұрамыз. Елбасымыз айтқандай «Тәуелсіздікті жеңіп, оған жету – жеткіліксіз. Оны көздің қарашығындай сақтап, қорғап, нығайту керек, келесі ұрпаққа жеткізу аманат»,- деген сөзі бар. Кірпік қақпай еліміздің тыныштығын қорғап, Қарулы Күштерімізді нығайтуға үлес қосып жүрген қарулас достарыма еңбекте табыс тілеймін.
Былтыр Ресейдің «Алабино» полигонында өткен танк биатлонында қазақстандық экипаж командалық есепте екінші орын алғаны белгілі. Міне, сол экипаж құрамында қазақтың төл әскерінің атын әлемге паш еткен танкистердің арасында осы мақалаға өзек болған – теңіз жаяу әскерлері бригадасының танк батальонының жігіттері де бар. Әскери қалашықты аралап, казармаларға да бас сұқтық. Сарбаздардың тыныс-тіршілігімен етене танысу үшін әрбір батальонның казармасын көзбен көріп, еріксіз сүйсіндік. Сарбаздардың жатын орындарындағы тазалық, ондағы тәртіп көңіл көншітті. Еліміздің әр түкпірінен келген жауынгерлер бір үйдің баласындай, бір мақсатқа жұмыла қызмет етуде. Әр батальонның дәріс өткізетін кабинет сөрелерінде сарбаздарға арналған кітаптар, газет-журналдар мен домбыра, гитара сынды музыкалық аспаптары ілулі тұр. Бос уақыттарында сарбаздар туған-туысқандарына хат жазысу үшін арнайы уақыт бөлінеді екен. Әскери ортада талантты жастар көп, ақын, пародист, әнші, күйші де бар. Батальондар арасында көңілді тапқырлар клубы өзара жарыстар ұйымдастырып, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін мәдени демалыстар тарту етеді екен. Әскери бөлімнің патриоттық рухын көтеру үшін, түрлі мәдени, рухани шаралар өтіп тұрады. Тағылымды кештер ұйымдасытырылып, қала мектептері мен колледж студенттері үшін ашық есік күндері өткізіледі. Әскери өмір тек талап пен тәртіп, әскери жарғыдан құралмайды. Теңіз жаяу әскерлері бригадасы жауынгерлік даярлықпен қатар әскерлердің рухын көтеруге көп көңіл бөледі.
P.S. «Көп естігеннен гөрі, бір рет көзбен көрген артық» демекші, теңіз жаяу әскерлері бригадасының барлау ротасының Каспий жағасында өткізген кезекті жаттығуын тамашалаудың сәті бізге де түсті. Әскери көлікпен теңіз жағалауына біз де жол тарттық. Барлау ротасының сарбаздары бұл жолы теңіз жағалауын қоршауға алу бағытында бірнеше жаттығу көрсетіп, шеберліктерін шыңдады. Теңіз жаяу әскерелері деген атқа лайық жаттығулары да сәтті өтті.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген автор