Қарағандыда Ж. Тәшенов жүлдесіне арналған жыр бәйгесінде Кәмшат Хасен «Жылдың үздік ақыны» атанды

26 Желтоқсан 2019, 17:44 3335

Бүгін Қарағандының Достық үйінде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сәйкес қоғам қайраткері, айтулы тұлға Жұмабек Тәшенов атындағы үздік айтыскерлер мен ақындар байқауының марапатты салтанаты өтті.

Биылғы кештің қадірлі қонағы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман болды. Одан өзге руханият жанашыры, ел ағалары бәйгетөбенің сәнін кіргізіп отырды.


Айта кетейік, игі шараның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» жобасы аясында ашылған «Арқа-айтыс мектебінің жетекшісі» Айтбай Жұ­мағұлов мұрындық болды.

Аталмыш жыр мүшәйрасының жеңімпазын сайысқа қатысушы ақындардың өздері бір-біріне дауыс беру арқылы анықтады. Аймақта танымал және поэзияға енді қанат қаққан ақын-прозашылар бұл байқауға ең үздік деген шығармаларын ұсынды.

«Поэзияда бұрылыс жасау болашағынан зор үміт күт­тіре­тін арынды ақынның ғана қолынан келеді. Соны мен үнемі арқаның, Қарағандының ақындарынан көрем. Жыл сайын дәстүрге айналған осынау игі шара біздің рухани өсіп, әдебиет пен мәдениетке деген шын махаббатымызды байқатады. Қа­на­ттарың талмасын», деп тілегін білдірді Жүрсін Ерман.

«Елімнің мүддесі үшін қияметке де дайынмын!» деп, кейінгілерге ерліктің асқан үлгісі болатын, қанатты сөзін қалдырған Жұмабек Тәшенов атындағы аталмыш шарада ине шаншар жер болмады.

«Қазақтың ұлттық рухының асқар шыңы, қайнар бұлағы болатын ұлы тұлға Жұмабекті рухтас қалың қазағымыз шамамыз жеткенінше насихаттап, барынша ұлықтайық», - дейді ұйымдастырушылар.

Бәйге екі мақсатты көздеді. Біріншісі - әдебиеттің дамуына үлес қосу, екіншісі - Жұмабек Ахметұлының қаһармандығын, ел үшін басын қатерге тіккен ерлігін насихаттау.

Сонымен, Жұмабек Тәшенев жүлдесіне арналған жыр бәйгесінде «Жылдың үздік ақыны» болып Кәмшат Хасен танылды.

«Үздік қайраткер» Сұрыптау теміржол стансасының басшысы Асан Үмбетов болса, «Үздік айтыскер» Еркеғали Бекболат, «Үздік газет журналисі» Қызғалдақ Айтжанова деп танылды.

Бөлісу: