Қарағандыдағы Достық үйінің алдында «Алтын орда» қалашығы тұрғызылды

23 Қазан 2019, 17:57 3255

Қарағандының Достық үйінде Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.


Ұлы дала төсінде үш ғасырдан аса салтанат құрған Жошы Ұлысының тарихына қатысты орын алған бірқатар маңызды оқиғалар мен ескерткіштер жетерлік, әрі осынау теңдессіз мұраларды заманауи құндылықтар жүйесінде терең зерттеп, көпшілікке насихаттаудың маңызы жоғары екендігі белгілі. 1269 жылғы Талас құрылтайының нәтижесінде Алтын Орданың империялық орталықтан толықтай тәуелсіздігі мойындалып, ағымдағы жылы қаланғанына 750 жыл толып отыр.


Ғылыми шараға мемлекет және қоғам қайраткері Берік Әбдіғали, Бонн университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет, Қ. А. Яссауи атындағы университет профессоры Вакур Сүнер, аймақтың белгілі тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысып, Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени мұрасы, Сарыарқадағы Жошы ұлысының тарихы мен мәдениеті жайлы зерртеулерімен таныстырды.


ХІІІ ғасыр басында, шығысы Алтайдан басталып, батысы Дунай өзеніне дейін жеткен ұлан-ғайыр жерде ғаламат, ғажап империя - Ұлыстың негізін қалаушы ханның атымен «Жошы Ұлысы» деп аталды. Ал кейінгі тарихи деректерде бұл империя Алтын Орда деген атаумен белгілі.


Бұл турасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытау өңіріне жасаған ресми сапарында Алтын Орда тарихын жаңа көзқарастар тұрғысында зерттеу мен оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау арқылы мемлекеттік идеологияны қалыптастырудың басым бағыттарын атап көрсеткен болатын.

«Ғылыми-тәжірибелік іс-шара әлем тарихының ортағасырлық кезеңіндегі саяси, тарихи, мәдени және географиялық бет-бейнесіне түбегейлі өзгерістер әкелген Жошы Ұлысының мұраларын зерттеуге қосқан үлесі деуге болады», - дейді шара модераторы, «Қазақстанның киелі жерлері» жобасының жетекшісі Берік Әбдіғали.


Бұдан соң, Достық үйінің алдында арнайы құрылған Алтын Орда қалашығында қолөнер мен суреттер көрмесі, Гала концерт көрсетілді.

Атап кетейік, аталмыш ауқымды шара үш күнге созылып, алдағы күндері Жезқазған және Ұлытау жерлерінде жалғасады.


Бөлісу: