Қарағандыда румын фольклорының VII Халықаралық фестивалі өтті

26 Наурыз 2019, 07:43 1905

Қарағандыда румын «Дакия» мәдени қоғамы Орталық Азия мен Қазақстандағы румын фольклорының  Халықаралық «Мэрцишор-2019»   фестивалін жетінші мәрте өткізді.

«Мэрцишор» -  румын халқының дәстүрлі көктем мерекесі. Бұл күні ақ, қызыл түстерден жасалған гүлдестендер сыйға тартылады. Себебі,  ақ түс тазалықты, қызыл түс - махаббат, күш, жеңісті білдіреді. Сонымен қатар, халық сенімі бойынша, мэрцишор - жемістің, құнарлылықтың нышаны. Оны наурыз бойы жағаға тағып жүреді.

Фестивальдің ашылу салтанатында шетелдерде тұратын румындықтармен байланыс жөніндегі Румыния Министрлігінің Мемлекеттік Хатшысы Виктор Алексеев, Румынияның Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан  мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Чезар Армяну, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын, «Дакия» РМБ ҚБ төрағасы Николай Плушкис құттықтау лебіздерін білдірді.

Өз сөзінде Чезар Армяну «Мэрцишор» мерекесі Наурызбен тікелей байланысты екенін атап өтіп, «Қарағандыда румындықтар көп тұрады, біз әрдайым Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауын сеземіз, әрі бұл үшін өте қуаныштымыз. Жаңару мерекесі баршаңызға құтты болсын»,- деп атап өтті.

Атап өту керек, 2017 жылдың қарашасында Румынияның Клуж-Напока мен Қарағанды қалалары арасында бауырлас қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды. Соның негізінде экономикалық, өндірістік, сондай ақ, мәдениет саласындағы байланыстар нығайып келеді. Румынша көктем мерекесіне еліміздің түкпір түкпірінен, атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Жезқазған, Қарағанды, Шахтинск және Абай қалаларынан өнерпаздар қатысты.

Кештің арнайы қонағы Молдова - Республикасының әйгілі әншісі Ленуца Геогргице, ең жас қатысушы, «Ромынкуца» әнімен жиналғандарды тамсандырған Румынияның Қазақстандағы өкілі Элизабета Пэвэлукэ болды. Ерекеше орындауларымен керемет көңіл күй сыйлаған фестиваль қатысушыларының әрқайсысы дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу: