Қарағанды облысы білім басқармасының, «Сарыарқа дарыны» оқушыларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен және облыстық Ассамблеяның қолдауымен өткен байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында хәкім Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын насихаттау.
Төрт номинация бойынша өткізілген байқауда қатысушы Абай және Шәкәрімнің бірнеше шығармаларын жатқа айтып,«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша әндер мен күйлер орындауы тиіс. Енді бірі – «Ұлылар әлемі» номинациясы, мұнда Абай және Шәкәрім еңбектеріне эссе жазылды.Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту, ұлылар поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Өскелең ұрпақтың тарихи танымын, сана-сезімдерін және өмірлік айқындамаларын қалыптастыру өте маңызды.
Сонымен, абайтанушы, филолог, ақындардан құралған әділ қазылар алқасының шешімімен жезқазғандық Адина Әбсадықова өз шығармаларын оқудан, Сәтбаев қаласынан келген Нарша Ибраимова «Көңілім әнді ұғады», Мұрат Ділназ «Ұлылар әлемі» номинациялары бойынша жүлделі бірінші орындарды иеленді. Барлық өнерпаздар алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.