Қарағандыда ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің форумы өтті

28 Қараша 2018, 05:01 1590

Қарағандының Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің форумы өтті.

Форум жұмысына қалалық және аудандық Қоғамдық келісім кеңестерінің, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, Аналар кеңесінің мүшелері, Қайырымгерлер мен меценаттар Клубының, журналистер Клубының және «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестері бүгінгі маңызды міндеттерді шеше алатын, жауапкершілік және азаматтық борышты тәрбиелей алатын институтқа айналды, дейді іс-шараның модераторы, облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен азаматтық қоғам мен биліктің өзара іс-қимылының заманауи құралдарының бірі қоғамдық келісім кеңестері болып табылатыны кездейсоқ емес. Бірнеше жыл ішінде қоғамдық келісім кеңестерінің жүйесі қалыптасты, бірыңғай әдіснамалық база құрылды, белгілі бір жұмыс тәжірибесі жинақталды. Осылайша, бүгінгі таңда Қарағанды облысында Қоғамдық келісім кеңестері этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл мәселелерін шешумен ғана шектелмей, сондай-ақ әлеуметтік процестерді шешуге белсенді атсалысатын тиімді қоғамдық модератор болып табылады», – деді Б. Алтынбеков.    

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні облыс бойынша түрлі деңгейдегі 216 ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Облыс бойынша Кеңес мүшелерінің жалпы саны 1550 адамды құрайды.

Жыл бойы қоғамдық келісім кеңестерінің қатысуымен 3 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 2018 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Мемлекет басшысының берген хаттамалық тапсырмасын орындау шеңберінде облыстың қала-аудандарында ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдерімен көшпелі кездесулер ұйымдастырылды.

Талдау көрсеткендей, азаматтардың өзекті мәселелерін шешудегі Кеңестердің белсенді жұмысы әлеуметтік шиеленісті азайтып, тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізді.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерін агроөнеркәсіптік сектордағы жұмысқа тарту мәселесі бойынша өз пікірін білдірді.

Кеңестердің тиімді қызметін зерделеу мақсатында 2019 жылы ҚХА Қоғамдық келісім кеңестері арасында облыстық байқауды жариялау ұсынылды.

Бөлісу: