Қарағандыда жастар «Күлтегін» жырынан сайысқа түсті

22 Мамыр 2019, 15:54 6400

Қарағандының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында «Түркі әлемі: Күлтегін жыры – Ұлы дала дастаны» атты ғылыми-шығармашылық конкурс – конференция өтті.

 


Үш кезең бойынша өткен ауқымды шара жыршы Әлібек Бимендиннің орындауындағы Қадыр Мырза Әлінің аударған «Күлтегін» жырымен ашылды.



Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, «Күлтегін» жырының басты идеясы – түркі халқын ауызбірлікке, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу болып табылады.

Шараның маңыздылығын түсіндірген белгілі ақын, филолог, модератор Айтбай Жұмағұл Нұр-Сұлтан қаласынан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты Сатай Сыздықовқа сөз кезегін ұсынды.

Өз кезегінде Сатай Мақсұтұлы «Мәңгілік елдің мұрагері» атты баяндамасында ежелгі дәуір әдебиеті, көне түркі жазба ескерткіштерін оқыту арқылы өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тамыры тереңде екенін, елдік дәстүріміз бен рухани бітіміміздің бастауы берік екенін тілге тиек етті.


Таста қалған тарихы бар мыңжылдық жәдігер жайлы Стамбулдың Мимар Синан оқу орнының докторанты Жантегін Қаржаубай өз сөзінде «Күлтегін – түркі халықтарының ерлік туралы ұғымының жиынтық бейнесі. Оның тұлғасында түркілерге тән ержүрек, өршіл, қайсар, қайтпас мінез бар. «Сондай батырым болса» деген ел арманы Күлтегін ерліктерін сипаттау арқылы берілген. «Күлтегін» қазақ батырлар жырына жақын үлгілердің бірі»,- деді.

Ал, филолог, ҚарМУ оқытушысы Жандос Смағұлов қазақ халқының дәстүрлеріне қатысты мысал келтіре отырып, ұлттық рухани мұра хақында тағылымды баяндама жасады.


Бұдан соң, жас ғалымдар дайындаған еңбектерін қазылар алдында қорғады.

Шара өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде Күлтегін жырларын мәнерлеп оқуымен, ұлттық және басқа да музыкалық аспап түрлерінде сүйемелдеумен жалғасты.


53 шумақтан тұратын Күлтегін жырының әр бөлімін оқыған қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде өтті.

Қазылардың қорытындысы бойынша, Нұрай Ғазиз, Елизавета Седышева, Әлібек Бимендин үздік деп танылып, дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.


Бөлісу: