Қарағанды ҚХА-сы Қайырымгерлер клубы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мереке ұйымдастырды

18 Желтоқсан 2019, 17:39 2580

Қарағанды ​​қаласының Достық үйінде облыстық Ассамблеяның Қайырымгерлер клубы балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін «Аялы алақан» мерекесін өткізді.

Балалар үшін «Вайнах» шығармашылық ұжымының бишілері мен елімізге еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Меруеш Башай өнер көрсетті. Жас көрермендер эмоцияларын жасырмастан, әртістерді қуана қолдап, бірге ән айтып, ерекше әсер алды.


Іс-шарада Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары, Қарағанды ​​қаласының мақтанышы, «Nomad MMA» клубының негізін қалаушы Сергей Ан, халықаралық байқаулардың лауреаты, дирижер Ерлан Бақтыгерей және «Рідне слово» украин этномәдени орталығының төрайымы Зеновия Красивская өз лебіздерін жеткізді.

Бұл күні балақайлар ойын ойнап, билеп, сурет салды және бала армандарын «Менің арманым» шағын эссеге сыйдырды.

Шара аясында Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің сыныптарында экскурсия ұйымдастырылып, балалар барлық этностардың мәдениетімен, дәстүрімен және этнографиясымен танысты. Ал көп балалы отбасының ата-аналары Әнуар Жұмаділдин мен Бақытты Қанапинова болса, балаларға арналған «Мен жетістікке жеткен баламын» тренингін, зияткерлік ойындар, викториналар және практикалық жаттығулар өткізді.


Бір жыл бұрын, ерлі-зайыптылар қайырымдылық жобасын бастаған болатын және жоба аясында аз қамтылған жалғызбасты аналарға арналған жексенбілік дастархан ұйымдастырып тұрады. Отанасы Бақытты Қанапинова – облыстық Аналар кеңесінің мүшесі. «Бұл шара қоғамның әлсіз тобына қолдау, мотивация беру, тағдырдың жазуымен мемлекеттің қамқорлығына алынған балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл өте маңызды»,- дейді ол.

Еске салайық, Қарағанды облыстық ҚХА Қайырымгерлер клубына аймақтың 23 меценаты мүше.

Бөлісу: