Қарғы/тамақша

22 Тамыз 2014, 09:05

ҚАРҒЫ / ТАМАҚША – мойынға тағылатын әйелдердің зергерлік әшекейлерінің бірі. Ол адамның тамағын айналдыра тағатындай етіп жасалады.

ҚАРҒЫ / ТАМАҚША – мойынға тағылатын әйелдердің зергерлік әшекейлерінің бірі. Ол адамның тамағын айналдыра тағатындай етіп жасалады. Ені үш-төрт елі шамасында болады. Алдыңғы беті сынық сүйемдей жалпақ екі алақан деп аталатын күміс пластинкадан тұрады. Екі алақан бірдей етіп жасалады және өзара симметриялық теңдей болып келеді. Екі күміс алақанның түйіскен жерінде бір-біріне киілетіндей қобысы болады.

Қос алақанды қарғы. Жеке коллекциядан.

Алақан зергерлердің қарымы мен тапсырыс берушінің талғамына сай алуан тәсілдермен өңделеді. Оның беті кейде алтынмен апталып, қымбат асыл тастардан көз салынады. Сонымен қатар ширатпа зер салынып, бедер түсіріледі. Алақанның төменгі бетіне тойнақтар арқылы шынжырлар бекітіліп, шынжырларға қоза, қонырауша, тұмарша, сондай- ақ түрлі салпыншақтармен әшекейленеді. Салпыншақтар ұзынды ұсақты болып келеді. Қ.-ның арты желке жақ тұсы қымбат матадан тігіліп, алдыңғы бөліктің тойнақтарына ілінеді.

Алақаны доға тәрізді қарғы. Жеке коллекциядан.

Кейбір Қ.-дың алақыны доға тәрізді ұзын пішінде болып келеді. Ондай Қ. адам тамағын қажамас үшін ішкі бетіне барқыт тәрізді қалын матадан астар жабыстырылады. Мұндай Қ.-ның негізі бітеу болғанымен, сыртқы пошымына қарағанда екі алақаннан құралғандай болып көрінеді.

Дәстүрлі ортада Қ.-ны әйел адамдар сәндік үшін таққанымен, ол негізінен қыз бала мойнын тік ұстап, сымбатты болып өсуіне де септігін тигізген. Халық арасында Қ.-ның алдыңғы беті доға тәрізді бітеу келетін түрі желке тұсынан баумен байланған.

Қарғы. Суретші Ж. Шәйкен

Ерте кезде Қ. лауазымды білдіретін белгі ретінде де тағылған. Орыс отаршылдығымен қазақ даласында пайда болған әкімшілік басқарудың жаңа жүйесінде лауазым иелерінің тағатын дан белгісін де Қ. деп атаған. Ол дөңгелек пішінді алтын, күміс сияқты қымбат металдан жасалып, шынжыр арқылы мойынға ілінген (қ. Дан алқа). Бірақ, отаршылдық жүйеге іштей наразы қарапайым халық жоғары лауазым иелерінің мойнына тағылған мұндай алқаны иттің мойнына байланған қарғыбауға теңеген. Сондай-ақ халық арасында әшекей тағу тек әйел затына ғана тән болғандықтан, ер адамның мойнына алқа тағуы өрескел көрінген. Осы жайтты Дулат Бабатайұлы былай деп қағытқан екен:

Жағаңа дуан түскен соң,

Суыңды орыс iшкен соң,

Аякөз суы қағынды.

Би, старшын мойнына

Жезден қарғы тағынды ...

Міне осындай өлең жолдары арқылы да қарғы мен тамақша туралы біраз мәліметте көрсетуге болады. 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: