Арғы-бергі тарихымызда жағымсыз әйел бейнесі жоққа тән

4 Наурыз 2014, 10:31

8 наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қазақтардың әйелдерді қалай құрметтейтіні туралы қысқаша тоқталып өтуді жөн деп таптық.

8 наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қазақтардың әйелдерді қалай құрметтейтіні туралы қысқаша тоқталып өтуді жөн деп таптық. Ол туралы белгілі этнограф, ғалым Ақселей Сейдімбектің осыдан тура 30 жыл бұрын жазған мақаласынан үзінді етіп келтірдік.

Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіндегі әйел бейнесі

Көшпелілер қоғамында еркек пен әйел әсте бірін-бірі кем тұтып қарамаған. Дәлірек айтсақ, еркектің әйелді немесе әйелді еркектің иемденуі, меншіктенуі, бірінің екіншісіне кіріптар болуы көшпелілердің дәстүр-танымына жат. Тіптен көшпелілер қоғамында еркекке қарағанда әйелге көрсетілер сый-құрметтің басымдау екенін аңғаруға болады. Ат үстінде еркекпен үзеңгілескен скифтің желдей азат қыздарын Геродот тамсана жазады. Байырғы түркілер қоғамында Қағанаттың ең лауазымды адамы қаған болса, одан кейінгі орынды қағанның «қатын» деп аталатын бәйбішесі иемденген. Ел ісінің мың сан түрі қаған мен қатынның алдынан өтіп отырған. Халық болмысының айнасы іспетті фольклорымыз еске түседі. Осынау көл-көсір рухани мұрамызда жағымсыз әйел бейнесі жоққа тән. Оның орнына Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян Сұлу, Айман, Шолпан, Қарашаш сияқты бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік ерлігімен елге қорған, ұрпаққа ана болғанын көреміз. Ең ғажабы, бұлардың бәрі де сүйгеніне адал жар ретінде дараланып отырады.

Сондай-ақ, байтақ қазақ даласын аралап көрсеңіз әйел-анаға көрсетілген құрметтің мың сан белгісіне куә болар едіңіз. Мәселен, туған дала төсінде ер адамға қойылған тас мүсіннен гөрі әйел-ананы бейнелейтін қыз-тас, келіншек-тас, кемпір-тас түріндегі мүсіндер әлдеқайда көп. Сол сияқты, әндей әсем жер-су атауларының көбі әйел-ана есімімен байланысты. Дала төсіндегі ең сұлу ғимараттар, ең бір шабытты архитектуралық мұралар әйел-анаға арналған. Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сырлытам, Шу бойындағы Айша-бибі, Баба-әже, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған-ана, Жұбан-ана, Арал жағасындағы Бегім-ана күмбездері, мұнаралары, мазарлары ғажайып сырлы сымбатымен күні бүгінге дейін қайран қалдырады.

Жеке ескерткіш былай тұрсын, жұмыр жердің орта ғасырлық талғам-түсінігінде тұтас бір қаланың әйел атымен аталуы дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте, қазақ даласында Қатынқала, баршынкент сияқты қалалардың болғанына қалайша таң қалуға болмас. Сол сияқты, ру –тайпа атауын әйел атымен атаған, жауға шабарда шақырар ұранына әйел есімін қосқан бірден бір халықтың қазақ екені де аян. Ұлттың ең киелі қазынасы тілі болса, оны да «ана тілі» дейміз...

Қысқасы, салт-дәстүрдің айтарынан аңғартары мол,. Өмірдің барлық саласында еркек пен әйелдің өздерін тең санауы қазақ арасында ежелден келе жатқан дәстүр. Жәй ғана дәстүр емес, тарихи-әлеуметтік ақиқат.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК, 16.10.1974 жыл.

Бөлісу: