Әр қазақ көруі тиіс тарихи телехикаялар топтамасы

3 Қаңтар, 19:00 4064

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Жошы ұлысы­ның іргесі қалғанғанына – 800 жыл то­латынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең бастысы, биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тары аяқталатынын айтып, жақсы хабар айтты. Осы орайда еліміздің тарихынан сыр шертетін тарихи сериалдар топтамасын жасауды жөн көрдік.

«ҚАНЫШ. ҚАЗЫНА»

Телехикаяның негізгі сюжеттік желісі – геолог-ғалым, инженер, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолына негізделген. Телехикая – ұлы тұлғаның бізге беймәлім қырларын кеңінен ашатын сан қилы оқиғалар желісінен тұрады. Телехикаяда XX ғасырдағы қазақ жұртының қилы тағдыры, арманы, мақсат-мүддесі, мемлекеттік биіктерге, соның ішінде индустрияландыру ісін шетелдерден тәуелсіз етіп, өз жерімізде қарқынды жүргізуге және кен өндірісін игеруге қарай басқан қадамдары көрсетіледі. Қазақ даласындағы саяси қарым-қатынас, достық, сатқындық, мүдделер қақтығысы, қым-қуыт оқиғалар, ұлттық тұтастық – телехикаяның негізгі өзегі.

Режиссері: Ерлан Нұрмұхамедов

«ӘЛ-ФАРАБИ»

Телехикаяда ғұлама ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің бала кезінен бастап, күллі әлемге танылғанға дейінгі өмірі суреттеледі. Мақсаты – ұлы ұстазды кеңінен насихаттап, оның білімімен көрерменді сусындату.

Режиссер: Батырхан Дәуренбеков

 

«ҚОРҚЫТ»

Биографиялық телехикая сюжетінде Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен сәуегей, абыз ретінде қалыптасу жолы көрсетіледі. Телехикая сценарийі әлемдік деңгейде зерттелген «Қорқыт ата» кітабына, атап айтқанда «Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр» желісі негізінде түсірілген. Түсірілім Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасының Хиуа қаласында өтті.

Режиссер: Қанағат Мұстафин

 

«ДУЛАТИ»

Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы болған әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати туралы да аңызға толы талай сыр бар. Көрерменге жол тартқан кезекті туынды ХV-XVI ғасырлардағы Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, қалалық және егіншілік мәдениетін сипаттайды. Сондай-ақ Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегін жазу барысындағы елеулі оқиғалар сюжеттік желіге кіріп отырады.

Режиссер: Бақыттас Санитас

«ДОМАЛАҚ АНА»

Ел арасында ақылымен көзге түскен Нұрила – Домалақ Ана атанады. Фильм барысында қазақтың салт-дəстүрлері, тұрмысы, Бəйдібектің өмірі, Нұриламен байланысты көрсетіледі. Бəйдібектің өзі де атақты бай, аузы дуалы би, батыр болған. Бəйдібектің ел басқару ісінде Нұриланың да ақылы əр кез көмектесіп, дұрыс шешім шығаруға ықпал етіп отырған. Фильмде осы жəйттердің бəрі де көркем суреттеліп көрсетіледі.

Режиссер: Батырхан Дәуренбеков

 

«БАТЫРЛАР»

«Батырлар» телехикаясында қазақ халқының тарихындағы аса ірі жеңістердің бірі әрі бірегейі болған Орбұлақ шайқасы бейнеленеді. Сондай-ақ жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жерін жаудан қорғап, халықтың ауызбірлігін сақтау үшін күрескен тарихи тұлғалар Қарасай, Ағынтай, Мерген батырлардың өмірі мен ерліктері баяндалады. Көрермен бұл туынды арқылы өткенімізге оралып, ел тарихында батырлардың қаншалықты маңызды рөл атқарғанын көреді.

Режиссер: Асқар Ұзабаев

 

«ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫ»

1643 жылы Орбұлақ маңында жаудың 50 мыңдық қолына төтеп берген 600 қазақ сарбазы туралы тарихи туынды.

Режиссер: Мұрат Бидосов

 

«САРАЙ СЫРЫ»

Телехикая 1823-1845 жылдар аралығында Бөкей Ордасында билік құрған Жәңгір ханға қатысты тарихи оқиғаларға негізделеді. Жәңгір хан қазақ даласына батыс өркениетін алып келіп, көптеген жаңалықтардың халқымызға келуінe себепкер болған. Сериалда реформатор ханның саяси аренадағы рөлімен бірге, сарайдағы ішкі өмір, ханшалар арасындағы қарым-қатынастар, төрелер төңірегіндегі астыртын ойындар тарихи фактілерге сүйене отырып, көркемдік тәсілмен әрленіп беріледі.

Оқиғаның көп белгілі хан сарайында өтеді. Жәңгір хан алып келген жаңалықтар өз ордасының маңайында бой көтереді. Қыздар училищесі, емхана, дәріхана, ауа райын бақылайтын станция, баспахана және алғашқы мұражай, банк, жәрмеңке және орман шаруашылығы сияқты көптеген жаңалықтарды енгізгені негізгі идея ретінде көтеріледі. Сарайдағы оқиғалар, ханның сұлтандарды қабылдауы және Фатиманың оқиғалары қатар өрбіп отырады. Хандықтың соңғы жылдарында орын алған, Исатай мен Махамбеттің тұлғасына қатысты шиеленіске толы тарихи оқиғалар да қамтылады.

Режиссер: Құралай Зейнелғабдина

 

«ҚҰНАНБАЙ»

«Құнанбай» фильмі – 2015 жылы шыққан қазақстандық тарихи драма. Фильм атақты дала кемеңгері, қарадан шығып хан атанған Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды.

Режиссер: Досхан Жолжақсынов

 

«АБАЙ»

«Абай» - ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай түсірілген «Qazaqstan» Ұлттық арнасының төл туындысы. Телехикая Абайдың кемеліне келген кезі мен балалық шағынан сыр шертеді. 6 бөлімді туындыда сол кезеңдегі тарихи шындық, қоғамдық-саяси жағдай, Абайдың болыс болған шағындағы қазақ өмірінде орын алған тарихи оқиғалар көркемдік сипатпен көрініс табады.

Режиссер: Мұрат Бидосов

 

«АБАЙ ЖОЛЫ»

«Абай жолы» сериалы тарихи драма жанрында түсірілген. Телехикая мақсаты - Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында ақынның ұлт руханиятындағы орнын айшықтау және «Абай жолы» романында мықтап бейнеленген сом тұлғасын экран тіліне түсіріп, жас көрерменге таныстыру. Телехикаяда Абайдың тартысқа толы өмірі қатар көрсетіледі. Бірде жазушының, бірде оның кейіпкері Абайдың өміріне қатар алмаса отырып, екі суреткердің да ерен тұлғалары ашылады. Телехикаяның ерекшелігі — тараулардан тұруы. Сюжеттік желі үш кезеңде өтіп жатқан оқиғаларды қатар баяндау арқылы өрбиді. «Абай жолының» жазылу сәті, яғни, осы шақ, Абай туралы мәлімет жинау кезеңі, өткен шақ және Абай заманы, кітаптағы немесе мәлімет берушілердің естелігі арқылы берілетін «флешбэктер» тізбегінен тұрады.

Режиссер: Мұрат Есжан

 

«ДИНА. КҮЙ ҚҰДІРЕТ»

Телехикая дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертеді. Телехикаяның сюжет желісіне күйшінің кішкентай кезінен домбыраға құштарлығы, дала сарынынан әуен іздеуі, күй атасы Құрманғазыдан тәлім алуы арқау болды. Сондай-ақ тарихи туындыда сол кезеңдегі әйел тағдырының қыр-сыры, қоғамдағы жауапкершілігі тереңінен бейнеленеді. Түсірілім өткен жер: Түркістан облысы, Отырар ауданы, Бәйдібек ауданы

Режиссері: Батырхан Дәуренбеков

 

«ТАР ЗАМАН»

Оның кейіпкерлері – бір ғасыр бұрын азаттық үшін күрескен Алашорда қозғалысының көсемі мен мүшелері. Бұл сериалда жалпы 37 тарихи кейіпкер бейнеленген. Телехикая 14 эпизодтан тұрады. Сонымен қатар ықшамдалған фильм нұсқасы да бар.

Режиссері: Мұрат Бидосов

 

«АХМЕТ. ҰЛТ ҰСТАЗЫ»

Сериалдың негізгі идеясы ретінде Ахмет Байтұрсынұлының: «Бай болу үшін кәсіп қылу керек, білімді болу үшін оқу керек, күшті болу үшін бірлік керек һәм осы керектердің жолында әрекет қылу керек» деген әйгілі сөзіндегі әрекет ұғымы алынып отыр. Бұл сериалда ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының басынан кешкен қиын қыстау тағдыры баяндала отырып, ұлт мұраты жолында жасаған дамылсыз әркеті насихатталады.

Режиссері: Мұрат Есжан

 

«МІРЖАҚЫП. ОЯН, ҚАЗАҚ!»

Телехикаяда Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады. 6 бөлімді тарихи туындының түсірілім жұмыстары Алматы облысында, Алматы қаласында, Міржақыптың туған жері Қостанай облысында өтті.

Қоюшы-режиссер:  Мұрат Есжан

 

«МАҒЖАН. МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!»

4 бөлімді тарихи телехикаяда Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы, ұлт үшін басын құрбандыққа шалған қайраткерлігі туралы баяндалады. Телехикаяда Мағжан Жұмабаев өмірінің 1915-1921 жылдар аралығындағы кезеңі қамтылған. Орынборға келуі, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген шағы, Сәкен Сейфуллинмен достығы, Қызылжар мұғалімдер курсының оқытушысы Гүлсім Камаловаға ғашық болуы суреттеледі. Тарихи драмада ақынның замандастары Міржақып Дулатов пен Сәбит Мұқановтың бейнелері де бар. 

Режиссері: Дархан Сәркенов

 

«ӘЛКЕЙ. ҒҰЛАМА ҒҰМЫР»

Қазақтың көрнекті ғалымы, археолог, шығыстанушы Әлкей Марғұланның өмірі мен қызметі туралы өмірбаяндық драма. Тарихи туынды төрт бөлімнен тұрады.  Телехикаяның сюжет желісіне Әлкейдің Семейдегі педагогикалық техникумда оқыған жасөспірім шағы, 30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңі және қазақтың батырлық жырларын зерттеп, жарыққа шығаруға ден қойған сәті арқау болады. Орталық және Шығыс Қазақстан аймағында ежелгі қола дәуірі өркениетінің үлкен ошағы болғанын дәлелдеп, әлем қауымдастығын елең еткізген жаңалығы тарихи телехикаяның басты оқиғасы.

 

 

«МҰҚАҒАЛИ. БҰЛ ҒАСЫРДАН ЕМЕСПІН»

Бұл телехикая ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұсынылады. Ақиық ақынның 1973 жылдан 1976 жылға дейінгі өмір кезеңіне арналған. Осы уақыт аралығындағы ақын өмірінің ең күрделі және қызықты сәттері мен фактілері ашылады.

Режиссері: Азамат Сатыбалды, Дархан Саркенов

 

«МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР»

Телехикая жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының желісі бойынша түсірілді. 20 бөлімді туынды ешқашан қартаймайтын, ешқашан өзектілігін жоймайтын мәңгілік махаббат тақырыбына арналады. Телехикая оқиғасы майданнан аман оралған ардагер жазушының бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігінен бастау алады. Бас кейіпкер Ербол образы арқылы қазақ жауынгерлерінің ерлігі мен шынайы махаббат сезімі баяндалады.

Режиссер: Марина Құнарова

 

«БҰЛБҰЛ»

Телетуындыда бұлбұл үнді әншінің шығармашылық өмірі ғана емес, азаматтық ұстанымы бар қайраткерлік қырына да мән берілген. Роза Тәжібайқызының қиын балалық шағы, отбасылық өмірі, Ташкент тоқыма институтында оқуы және майдан даласында өнер көрсетуі телехикая барысында тізбектеле түседі. Аралға араша түсіп, полигон зардабын шегіп жатқан халықтың жанайқайын жеткізген азаматтық үні оның жай әнші ғана емес, ел ертеңін ойлар тұлға екенін көрсетеді.

Режиссер: Санжар Омаров

 

«ПОЛИГОН»

«Полигон» – саяси детектив жанрында түсірілген көпсериялы телехикая. Бұл телехикаяда Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына алып келген ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғындағы оқиғаларды қамтиды. Осы кезеңде бүкіл әлемде дәуірлік оқиғалар болды. Қазақстан ядролық сынақтарды тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл ерекше маңызды тарихи кезең болды. Бірақ бұл шешім бір күнде болған жоқ. Фильм шытырман оқиғаға толы.

Режиссер: Ахат Ибраев

 

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ»

Алты бөлімнен тұратын фильм «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының негізінде түсірілген. Дегенмен, драматургияның заңдылықтарына сәйкес, кинолентаның тілі жеңілдетіліп, тұрмыстық тілге бейімделген. Сондықтан, бұл көрермендер үшін үлкен сый болмақ.  Ал, тарихи дастанның бізге жеткен 17 нұсқасының ішінен Жанақ ақынның жыры таңдалған. Әдеби көркемдік тәсілдер қолданылғанымен, оқиға шығарманың негізгі желісінен ауытқымаған.

 

«ӘН АҒА»

Сериал «қазақ вальсінің королі» туралы тың деректер мен қызықты оқиғаларды баяндамақшы. Шәмші мектеп жасында әкесінің домбырасын ұстап, сырнайын тартып жүреді. Ауылға келген сыған жігітінен мандолина сатып алады. Бала кезінен ата-анасымен бірге Ақан серінің «Балқадишасын» мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өсті. Шәмші бірден өнер жолына түскен жоқ. Әлдебір себептермен диплом ала алмай қалғандықтан, өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрді...

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: