Әр бейсенбіні «Таза бейсенбі» атты халықтық шараға айналдырайық - Дәулет Мұқаев

3 Мамыр, 09:50 642

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қоғамда табиғатты аялап, таза ұстау туралы құндылықтарды жиі насихаттау керегін айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Дана халқымыз «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мәні терең. Өйткені адам баласының бүкіл тұрмыс-тіршілігі, барша өмірі табиғатпен біте-қайнасып жатыр. Қоршаған ортаның адам саулығы мен жай-күйіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан маңайымызды таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау, табиғатты аялау өте маңызды, - дейді депутат.

Депутат көліктегі жолаушылардың терезеден қоқыс қалдықтарын лақтыратынын атап өтті.

Мен өңірлерді көп аралаймын. Жұртпен жиі кездесемін. Жолда көп жүремін. Кейде таңқаларлығы кейбір пысықайлар көлікте келе жатып терезесінен бос бөтелкелерін, қоқыс қалдықтарын, темекі тұқылын ешбір алаңдамай лақтыра салады. Қоғамда әлі де азаматтарымыздың қалдықтарды арнайы қоқыс тастайтын орындарға салу мәдениеті қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Мысалы, пластик, әйнек және полиэтилен пакеттердің шіруі 1000 жылға дейін созылады. Мұның Жер Анамызға, адамзат баласына, келер ұрпаққа тигізер залалы зор, - дейді ол.

Мәжілісмен дамыған елдердегідей тазалық мәдениетін қалыптастыратын шараларды қолға алу керек деп есептейді. Оның шешімі – жалпы жұртты қоршаған ортаны тазалауға жаппай жұмылдыру, күнделікті тазалықты өмір салтымызға айналдыру қажет.

Мысалы, аптаның тағы бір күнін, нақтылап айтсақ, әр бейсенбіні «Таза бейсенбі» атты шынайы халықтық шараға айналдырайық. Адамдарды мәжбүрлеп емес, ал керісінше өз ықыласымен, тұрған жеріне деген жанашырлықпен атсалысуына жағдай жасайық. Біз сол кезде ғана күн-түн демей, күннің ыстық-суығына қарамай көшені тазалап жүрген ата-апаларымыздың еңбегін бағалауды үйренеміз. Ол үшін әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғаларды, қоғам белсенділерін, ел тұрғындарын осы ортақ іске бірге атсалысуға шақырамын. Қадірлі ағайын, қашанда ұйымдасқан – ұтатынын, біріккен – жеңетінін білген ұлтпыз, - дейді Дәулет Мұқаев.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: