Арқанмен байланысты әдет-ғұрыптар

26 Тамыз 2014, 16:47

Арқанға асылу – көшпелі ортада жүкті әйелді босандыруда қолданылған тәсіл атауы.

Арқанға асылу – көшпелі ортада жүкті әйелді босандыруда қолданылған тәсіл атауы. Қазақтың акушерлік дәстүрі туралы жазған И.С. Колбасенконың жазуына қарағанда, қазақ әйелдері көбінесе түрегеп тұрып толғату үрдісімен байланысты қалыптасқан тәсіл болуы ықтимал.

 

Жарысқазан. Бергі жақта толғақты жеңілдету ырымы жарысқазан, ар жағындағы босану барысы немесе «арқанға асылып тұрған» жүкті әйел және «бел қысу» жасап жатқан аққол аналар. Суретші Е.Оспанұлы

Айы-күні толып, босанар уақыты жақындаған әйелге көмекке абысын-ажындары мен әйел босандырудың жөн-жосығын білетіндер келеді. Толғақ жиілеген кезде бақанды үйге енгізіп, мықтап орнатып, керегеден жалпақ бау байлайды, жүкті әйелді екі жағынан демеп, керілген ала арқанға асылдырады. Бұл рәсімнің түптамыры дарақ ағаштың киелі қасиеті мен ала жіптің киелілігіне байланысты туындаған болуы ықтимал. Жайшылықта шаңыраққа тағылған арқанды құшақтауға «арқанға асылатын көзің қарауытып тұр ма?» деп тыйым салынады.

Жүкті әйел арқанға асылып босану барысында толғақты жеңілдету ырымдары – етегін жыртып қою,«жарысқазан» деп аталатын ғұрыптық мәні бар тағам әзірленеді.

Халық түсінігі бойынша, толғақтың жеңіл немесе ащы болуы ананың күтіміне ғана емес, баланың болашақта қандай азамат болуын да меңзейді.

Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи- этнографиялық шолу). Алма-Ата: Ғылым, 1973; Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХIХ – начало ХХ вв). Алматы: Гылым, 1991; Оспанұлы Е. Қазақ халқының салт- дәстүрлері. Алматы, 2009.

Арқан есу – арқан жасауға арналған жүн, қыл, кендір, жіп сияқты материалдарды жұмырлап (шүйкелеп) ширатып, пысықтап бұрау тәсілі. А. е. жұмысы жүннен шүйке жасаудан басталады. Шүйке – есуге, иіруге арнап түтіліп, шумақтап созылған бір орам, бір шумақ жүн.

 

Арқан есу. Н.Г.Хлудов. 1900 ж. ҚР МОМ қорынан (КП 3478)

Шүйке дайындаудың екі түрлі тәсілі болды. Бірі – есуге арналған, екіншісі – иіруге және ши орауға арналған шүйке. Есуге арналғаны арқан шүйкесі деп аталады. Ол бір шүйке қой жүнін жылқы қылымен араластырып жаймалап, одан орамға айналдырып, алақанда қабатталып ширықтырылып және әрбір бір-екі қарыс ұзындықта бүктеліп, жуандау етіп жасалады.

Шүйке дайындау үшін жүнді жұмырлап ширату барысында қолды ыдыстағы суға әлсін-әлсін дымқылдап отырады. Ол шүйкеленетін жүнді шашыратпай алақандауға (алақанмен ширатуға) мүмкіндік береді. Шүйке жасайтын жерге төсеніш тулақ төсейді. Әрбір шүйкенің ұзындығы бір жарым-екі қарыстай болады. Бөлек-бөлек дайындалған шүйкелерді жалғастырып, біріктіріп ескенде, олардың ұштарын созбалай отырып, су салып дымқылдап шира- тады. Осылайша шүйкенің екі ұшындағы жүн бір-бірімен тұтасып, кірігіп жалғанады. Бір-бірімен ширатылған шүйкелерді жалғастыруды септеу, септеулердің ұштарын қосып ширатуды селбестіру деп атайды. Септеу деп кейде екі бөлек үзік жіптердің ұштарын тарқатып алып, суға салып сілемдеп отырып есіп жалғауды да айтады. Ал, бір арқанға немесе жіпке септелетін арқан мен жіптің үзігін жалғау деп атайды. Жіп үзігінің немесе шүйкенің бітер ұшын сілем дейді. Арқанға арнап шиыршықтап есілген, бір-бірімен жалғастырылған ұзын шүйкені тін, кейбір жерлерде тіл деп атайды. Есіліп дайын болған тіндер ширатылып, арқанға айналады.

Әдеб.: Гаврилов Н. Переселенческое дело в Туркестанском крае (Области Сыр-Дарьинская, Самаркандская, Ферганская). СПб., 1911; Жүннен жасалған бұйымдар. Құраст. М.С.Мұқанов. Алматы: Қайнар, 1990; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Жобаның жетекшісі, кіріспе сөзінің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 Арқан керу – дәстүрлі неке-құдандалық үрдісте орындалатын ғұрып – күйеу мен оның жағынан барған құдалар тарапынан үлестірелтін кәде беру рәсімінің атауы. Кейбір өңірде, әсіресе Жетісуда күйеу жеке келгенде және құдалар алғаш құдалыққа келген кезде де оларды алдынан күтіп алушы қыз жағы «арқан керіп» күйеу жағынан кәде алады. Бұл жоралғы кей өңірде арқан тартыс деп аталады. А. к. жаңа құдалар мен жас келіннің жолы ашық, әpi пәле-жәледен, түрлі кедергілерден аман болсын деген ақ ниеттен туындаған болса керек. Оның екінші бір түрі бойынша, келген құдалардың алдынан желі керіледі немесе бақан тасталады. Мұндағы желі де (мал байлайтын желі), бақан да өсіп-өну, өркендеу идеясын бейнелеуі мүмкін (толығырақ қ. Желі тарту). Сонымен бірге, күйеу қалыңдықты алып бара жатып, қыз ауылына жақын көрші ауылдың тұсынан өткенде алдынан көлденеңнен арқан тартып, әйелдер мен балалар кәде алатын болған.

ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

Арқан тарту – арқан жасауға арналған тіндерді ширатып, арқан дайындау тәсілі. Шүйкелерді септеп және селбестіре отырып, дайындалған тіндердің екеу-үшеуін босағаға жақын тұстағы кереге көзінен өткізіп, олардың әрқайсысын он-он бес қадамдай жерге созып апарып, ұштарын шөмішке (немесе алдын ала дайындалған ағаш кесіндіге) орайды. Үш адам осылай бекітілген үш тінді қолдарына ұстап (үш тіннің астыңғысы айқастырылып ұсталады), барлығы бір бағытқа қарай тартыңқырап тұрып бұрайды. Арқан тіндері әбден ширыққанша бұрау қажет. Арқан тіндері әбден ширығуы аяқталған соң, қарулы бір адам үйге еніп, тіндердің айқасқан тұйық түбіне бір-екі тілдей жіп өткізіп алып, өзіне қарай тартып, ширыққан бағытына қарай бұрайды. Арқан тартылған сайын ширығын босатпай, әрі тінін тоқтатпай бұрай беру керек. Тіннің ширыққан ширықпағанын қолмен ұстап байқауға болады. Қол қайтарып, қол батпай тұрса, тіннің ширыққаны. Оны арқанның ширығы жетті, арқанның пысығаны, тілі (тіні) ширады деп атайды. Тінді ұстаған кезде ширық бос болса, оның әлі жеткілікті ширамағандығының белгісі. Арқан сапалы шығу үшін әрбір тін бірдей ширауы керек. Арқан тіндері тым ширығып бара жатса, сол тінді ұстаған адам бұрауын аздап тоқтата тұрады. Сөйтіп, тіндердің біркелкі ширауына көңіл бөлінеді. Үйдің ішінде тұрып арқанның түбін бұрап тартатын адамның қолындағы тіндерді босатып алса, арқан бойында бунақ, түйіртпек пайда болады.

Тіннің босауынан түйін, буын пайда болуын тіні жүгініп кетті дейді. Үй ішінде жұмырланып тартылған арқанның ұшын керегенің көзінен сыртқа шығарып, оны бір бала ширатылу бағытына қарай тартып тұрады. Ол баланың қызметін құйрық жеу деп атайды. Арқан тіндері керегеге тақалғанда, шөміштер шешіп алынып, тартылған арқан ұштары түйіп байланады, мата қиындыларымен бекітіп шуда жіппен мықтап тігіледі. Дайын болған арқанды екі қазыққа керіп, орап тастайды. Біраз уақыт өткен соң оны пайдалана беруге болады.

Арқанның жуан-жіңішкелігі, мықтылығы тінінің (тілінің) санына, жасалған материалына байланысты болады. Сондықтан, арқан үнемі үш тіннен емес, мықтырақ әрі жуан болу үшін төрт тіннен де есіледі. Арқан тіндері тартып тұрып бұрау және есу арқылы жасалатындықтан, оны кейбір өңірлерде арқан тарту, арқан бұрау, ал, арқан есушіні арқаншы деп атайды.

Әдеб.: Ысқаққызы Ә. Сырмақ өнері. Алматы: Алматыкітап, 2008; Жүннен жасалатын бұйымдар. Құраст. М.С. Мұқанов. Алматы: Қайнар, 1990.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: