26 Тамыз 2014, 16:22
Арқан – жүн мен қылды араластыра есіп жасалған шаруашылық құралы. Арқан аң аулау, малды қосақтау, көгендеу, байлау, ұстау, сондай-ақ, жүкті буып-түю, оны көтеру және алып жүру және киіз үйдің іші мен сыртын бекіту сияқты шаруашылық операцияларында қолданылады. Арқанды көбінесе қойдың «шетпұшпақ» деп аталатын өлі жүніне немесе жабағы жүнге ешкі болмаса жылқының қылын қосып есіп жасайды.
Арқанның шаруашылық пен тұрмыста қолданылатын түрлері қолданысы мен жасалуына қарай түрліше аталады. Ала арқан – ақ пен қара түсті жүнге қыл қосылып есіліп жасалады; арқанша арқанның қысқа түрі; жібек арқан – сәндік үшін арнайы дайындалған тең, жүк буатын және киіз үйді бекітетін мата немесе жібек жіп араластырып есілген бұйым. Жіп иіру технологиясын игерумен байланысты көршілес жұрттардан келген кендір А. (кендір өсімдігінің сабағынан есіп жасалған жуан, қатты жіп түрі) мал шаруашылығында аз қолданылды (қ. Кендір). Қайыс арқан сиырдың, түйенің иленген терісінен тіліп алынған таспадан өріп жасалған, көбінесе асау жылқыға, құлын-тайға шалма тастау үшін пайдаланылатын түрі (толығырақ қ. Қайыс). Ертеректе сирек болса да, қан арқан деп аталатын арқан түрі қылмыскерлерді өлім жазасына кесілгеннен кейін дар ағашына асатын жаза- лау құралы ретінде пайдаланылды. Оның материалдық құрамы жөнінде деректер жоқтың қасы.
Қыл арқан. ҚР МОМ қорынан (НВФ 4851-165)
Қыл арқан – жылқының жалы мен құйрығынан есілген, мықты арқан түрі. Сүйретпе арқан – шүйкесі жылқының жал-құйрық қылымен оралып, бұралып жасалады. Жуан келген арқанның бұл түрі шөп шабу науқанында шөмелені сүйретуге арналған. Жан арақн – жолаушы жүргенде немесе әртүрлі жорық кездерінде, жылқыны қолда немесе жанында ұстау үшін оны арқандап қоюға, кейде қашағанды шалмалап ұстауға пайдаланатын ширақы, әрі жіңішке есілген арқан түрі; ат арқан – әр қазақ үйінде кездесетін ұзын арқан ат арқандауға арналды; бұғалық арқан – бір жағы тұзақталған, ұзындығы он-он төрт құлаштай жіңішке қыл арқанның бұл түрі асау ұстауға арналған; жел арқан – қатты жел немесе дауыл тұрғанда киіз үйді мықтап бастыра тартып, қазыққа байлап қоятын жуантық арқан түрі; қосақ арқан – ұзын етіп жа- салатын бұл арқанның түрі қой-ешкіні қосақтауға арналған. Ол қылы аздау, есесіне жүні молдау етіп есіледі. Тарту арқан– көшкенде түйеге артқан жүкті қомға бекітетін, сонымен бірге, арба-шанаға тиелген жүкті де бастырып байлайтын арқан түрі – ұзындығы он екі құлаш шамасында, қыл қосып, ширақ етіп есіп жасалады. Түйеге жүк артқанда байлайтын қом арқан шамамен жеті-он құлаш. Матау арқан шөккен түйелерді, қысырақтарды матап байлайтын онша жуан емес қысқалау арқанның түрі. Арқанның кішіректеу, жіп тәрізді түрін арқаншаны ноқтаға тағуға пайдаланады. Сондай-ақ, жүкті немесе теңді байлап, бекітуге арналған шанду арқан және шом арқан деп аталатын арқандардың түрлері де болды.
Киіз үйге қолданылатын бірсыпыра арқандардың атаулары да олардың атқаратын қызметіне байланысты қалыптасты: белдеу арқан, бас арқан, жел арқан, керме арқан, салма арқан деген сияқты.
Қазақтың космогониялық дүниетанымында арқан екі дүниені яғни тәңірлік дүние мен адамдар мекендейтін ортаны байланыстыратын медиатрмен (дәнекер) байланыстырады. Арқан сондай-ақ, сан алуан ғұрыптар және наным-сенім жүйесіндегі бірде жамандық атаулының символы, бірде о дүниенің немесе жер астындағы өлгендердің рухы мекендейтін дүниенің өкілі – жылан образымен астасады. Қазақы ортада жиі айтылатын «арқан аттама», «арқан ұрлама», «есіліп жатқан арқан астынан өтпе» деген сияқты табу сөздер – тыйымдар аталмыш түсінікке және осыған орай атқарылатын ғұрыптарға байланысты қалыптасса керек.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»