Ақынның тойында Абай институты ашылса...

11 Сәуір, 18:10 1406

Биылғы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларға байланысты маңызды пікірталас алаңы болды. Келелі жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған түрлі сала өкілдері – заңгерлер, экономистер, қоғам қайраткерлері мен мамандар қатысқан еді.

Бұған дейін ұйымдастырылған Құрылтайлардың өз бағыты мен бағдары, мәні мен маңызы болғаны секілді, бұл жолғы жиынға да артылған салмақтың жеңіл болған жоқ.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында соңғы үш жылда атқарылған реформаларды қорытындылап, елдің әлеуметтік және экономикалық дамуы бағытында қолға алынған негізгі шараларға тоқталды.

Президент салық реформасы жайында сөз қозғап, оның ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуметтік міндеттемелерді орындаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, салық жүйесін жетілдіру арқылы мемлекеттік бюджетке оң әсер етуі және білім мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция тарту мәселесі де қозғалды. Бұл өзгерістерді халыққа жан-жақты түсіндіру қажеттілігіне тоқталған Мемлекет басшысы әрбір азаматтың бұл реформаларды саналы түрде қабылдауы маңызды екенін баса айтты.

Ұлттық құрылтай мүшелері әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндіктер мен тұрақты экономикалық өсім бағытында атқарылуы тиіс шараларды талқыға салды.

Сонымен қатар, азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысқа баса назар аударылып, халықтан түскен ұсыныстар негізінде бірқатар жаңа бастама көтерілді.

Айта кету керек, төртінші Ұлттық құрылтай еліміздің даму бағытын айқындайтын, маңызды шешімдер мен ұсыныстардың тоғысқан тұсы болды. Президенттің үндеуінен кейін қатысушылар реформаларды ел арасында кеңінен насихаттап, оларды іске асыру жолында күш біріктіру қажеттігін атап  өтті.

Үлкен жиында тағы бір маңызды мәселе көтерілген-тін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде шет елдерде «Абай институтын» ашуды ұсынды. Осылайша, Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы мен шығармашылығы әлемдік деңгейде кеңінен насихатталмақ.

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездестім. Сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды. Яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемеге айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуы тиіс. Мәселен, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр,- деген болатын Президент.

Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа түрінде жүзеге асырылып, шетелдегі қандастар мен басқа да шетел азаматтарына қазақ тілін үйретуге арналған құрал ретінде қызмет атқарып жатыр. Ендігі мақсат – жобаны толыққанды мәдени-ағарту орталықтарына айналдыру.

Абай институттары – білім мен мәдениет ошағы ғана емес, шетелде тұратын қандастар үшін рухани тірек, мәдени орталық болады. Мұндай орталықтар арқылы олар тарихи тамырынан ажырамай, ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпай өсіп-жетіледі.

Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы «Абайтану институтын ашу туралы мәселені айтып жүргеніме 15 жыл болды» дейді.

Абайдың 165 жылдық мерейтойы кезінде «Астана - халықтың жүрегі. Елордада Абай атамыздың құрметіне арнап бір орталық ашу керек» деген бастама көтердім. Семейден Абайға қатысты мұрасын арқалап, осында музей аштым. Ол музей 5 жыл жұмыс істеп, кейін  жабылып қалды. Астанадағы Абайтану орталығының жабылып қалуы - бәрімізге сын. Абайдың 170 жылдық мерейтойы келгенде Абайтану орталығын ашу керек деген бастама тағы да көтерілді. Бірақ ол идея жүзеге аспай 170 жылдық мерейтой өте шықты. Абайдың 175 жылдық мерейтойын күттік. Шырылдап жүріп Астанада Абай мектебін аштық. Мектептегі музейге жиған-тергенімнің барлығын ұсындым. 175 жылдық мерейтойына Ғарифолла аға, марқұм Несіпбек аға, сол кездегі премьер-министр қызметінде болған Бердібек Сапарбаев Абайтану орталығын ашу бастамасын қайта көтерді. Өкінішке қарай бұл бастама да іске аспай қалды. Енді, міне, 180 жылдығы келіп жетті. Биыл тағы да бұл бастама күн тәртібіне қойылды. Ұлт руханиятын сақтап, саналы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, Абайтану орталығы Елордада бой көтеруі керек, - деп түсіндірді Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Айтуынша, Абай институты жеке үлкен шаңырақ болып ашылып, ол ғылыми зерттеу, мәдени ағарту деген екі сала бойынша жұмыс істеуі қажет. Ішінде Абай оқыған кітапхана, экспозиция, өзінен кейінгі шәкірт қаламгерлердің еңбектері болуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік Абай атындағы сыйлықтың лауреаттары атанған ақын-жазушылардың еңбектері, бүгінгі Абай жолы мен руханиятына қызмет етіп жүрген мәдениет қайраткерлерінің еңбектері тұруы абзал.

Абайтанушылар қазір саусақпен санарлық. Соның ішінде жалғыз әйел - мен. Абайтанушы ғұмырын Абайға арнап, оны жан-жақты білетін, ол туралы кез келген сұраққа жауап бере алатын, шығармашылығын шемішкедей шаға білетін адамдарды айтады. Бір поэзиясын зерттеп, өзін абайтанушымен дейтіндерді көрген жоқпын, - дейді ол.

Сондай-ақ, Алмахан Мұхаметқалиқызы Абайдың Ақылбайдан тараған ұрпағы Даниярды іздеп табуды ұсынды. Бір ақпарат бойынша ол Мәскеуде, енді бір ақпаратқа сенсек Украинада дейді. Бір деректерде Атырауда екені айтылады.

Абайдың Ақылбайдан тараған жалғыз тұяғы, 1971 жылы дүниеге келген Даниярды іздеп, елге әкеліп, сұқбат алған дұрыс болар еді. Жағдайын жасап, елге қайтару керек. Абайдың 125 жылдық мерейтойында Абай ұрпақтарының барлығына мемлекеттік стипендия тағайындалған болатын. Ендігі ретте тектінің ұрпағы ретінде Даниярға да құрмет көрсетілсе деген арманым бар,- деген тілегін білдірді.

Ал Абайтанушы Сұлтан Ыбырай бұл бұрыннан, тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келе жатқан идея екенін айтады.

Мақсат - Абай арқылы жалпы қазақтың мәдениеті мен өнерін, әдебиетін, тілін таныту, дәріптеу. Сонда да Абаймен, оның идеяларымен ғана шектеліп қалмау қажет. Бұл немістің «Гете институты», не қытайдың «Құңфудзы институты» сияқты орталық болса керек-ті. Қазақтың кешегісі мен бүгінгісі және болашағы қамтылып, оқытылып дәріптелетін, тілі оқытылатын және тіл оқыту профессионалдық деңгейде ұйымдастырылып, қазақ еліне келгісі келетін шет елдік азаматтар оқу-ғылым, не бизнес саласында  болсын тілдік тәжірибеден өтіп, стандартталған тіл талаптарына сай болатындай қазақшаны меңгеруіне мүмкіншілік жасау керек. Қысқаша айтқанда, «Қазақ мемлекетінің сыртқы жұмсақ күші» рөлін атқаратындай институт құруға талпыну керек, - деп түсіндірді ол.

Абай институттарын шетелде ашу – мәдени бастама ғана емес, ұлттық бірегейлікті сақтаудың, халықаралық ықпалды арттырудың және болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізудің стратегиялық қадамы. Бұл – қазақ руханиятының әлемдік кеңістікке шығуының жарқын жолы.

Президенттің тапсырмасына орай, Абай институттарының жаңа бөлімшелері ең алдымен қазақ диаспорасы тығыз орналасқан әрі Қазақстанмен мәдени байланыстары берік елдерде ашылатын болады. Бүгінде Қытай, Түркия, Моңғолия сияқты бірнеше мемлекетте мұндай орталықтарды құру жоспарланып отыр. Шетелдерде Абай институттарын ашу – еліміздің мәдени және рухани өркендеуіне бағытталған маңызды бастама ғана емес, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың тиімді жолдарының бірі.

Адамзатты сүюді өмірлік қағидасы еткен хакім Абайдың бай рухани мұрасы – тек қазақ халқы үшін емес, бүкіл адамзат өркениеті үшін құнды қазына. Сол себепті Абай институтының жұмысы тек қазақ тілді қауымға ғана емес, жаһан жұртшылығына да бағытталуы қажет. Мемлекет басшысы ұсынған бұл маңызды бастама – ұлт мәдениеті мен тілімізді халықаралық деңгейде кеңінен танытуға жол ашатынына сеніміміз зор. Сонымен қатар, шетелдерде Абай институттарын ашу – Қазақстанның мәдени дипломатиясын ілгерілетудің негізгі тетіктерінің бірі болмақ.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: