Ақын Ербол Алшынбайдың жаңа жыр жинағы жарық көрді

14 Наурыз 2023, 10:16 1620

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кітаптың тұсаукесерінде қазақтың айтулы ақындары мен ғалымдары Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Сұраған Рахметұлы, Светқали Нұржан, Берік Уәли ізгі тілектерін білдіріп, Ерболдың ақындық қабілетіне жоғары баға берді.

Светқали ақын айтқандай, Ербол – ағадан кенде болған жоқ. Біразы Ерболдың аяқ алысы, сөз саптауы, шеберлігі мен көркем тілі туралы бірнеше мақала жазды. Солардың ішінде шоқтығы биігі, әрі анау-мынауға аса мойын бұра бермейтін Есенғали Раушановтың өзі осы кітапқа жазған алғысөзі болса керек.

Құдайшыл әм ұлтшыл ақын өсіп келеді. Айтпақшы, ол да мен секілді тарихты жек көреді. «Тұрасың тек обалменен көз жастан...» деп налиды. Сөйте тұра, көк түріктің заманы мен алаштың зарын жазады. Беркінбайдың Естайы мен Қожантай Қойбастың қайғылы әндерін өлеңмен шырқайды. Алатау мен Қаратаудың, Шыңғыстау мен Маңғыстаудың, Керулен мен Каспийдің арасын тел еміп, тең сүйген шегарасыз ақынға аспан мен жердің арасын сыйлап-ақ жібергім келеді, әттең менікі емес ол... Жырла, шырла, «қанатына қан қатқан құс»-ақынға аспан ғана лайық, әлбетте! Тек әзірге, қара жердің үстінде алшаң басып жүре бер, қара өлеңнен еншіңді ал, ол ешкімнің ортағы жоқ сенің еншің, Алшынбайдың Ерболы! Жазарың таусылмасын. Қазаққа сол дұрыс болады. Қысқаша айтқанда, мына жаңа кітабыңа ағалық тілегім осы, – деп жазады Есенғали Раушанов.

Осылай деген Есенғали ақынның арамыздан кеткеніне де жылдан асты. Таудай ағаларынан қапыда айырылып қалу Ерболдың жанына неге батпасын. Жаңа жинағының атын «Жоғалған таулар» атауы да бекерден бекер емес.

Сондай-ақ бұл кеште Ерболдың сөзіне жазылған «Қайтейін қайран, қарт Ілем» толғауы, «Анаға», «Ақ азбаным» сынды бірнеше әннің тұсауы кесіліп, тыңдаушыға жол тартты.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: