Ақылы жолдарға төлемеген жүргізушілерге жаңа жаза қарастырылып жатыр

17 Қазан, 11:41 436

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, қазіргі кезде жүргізушілердің ақылы жолдар үшін дебиторлық берешегі 6,6 миллиард теңгеден асып кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соның ішінде қарыздың жартысынан көбі немесе 3,6 миллиард теңгеден астамы – шетелдіктерге, бейрезиденттерге тиесілі. Қалған 3 миллиардқа жуығы – қазақстандық көліктердің жинағаны.

Жалпы, қалыптасқан тәжірибе бойынша ақылы жолмен жүріп өтіп, сол үшін ақы төлемеген көліктер тіркеуге алынып, олардың қарызы туралы ақпарат көлік иесіне автоматты түрде жіберіледі. Ол оны 7 күн ішінде төлеуге тиіс. Сөйтпесе, «ҚазАвтоЖол» жеке нотариустерге жүгініп, өндіріп алу шараларын қабылдаттырады, банктік шоты мен картасына бұғат салдыртады.

Бірақ бұл тетік пен қысым тек қазақстандықтарға қолданылады. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа шет елдердің автокөліктерінің базасы оларға қолжетімсіз. Сондықтан қарызын өтемеген шетелдік азаматтардың өз еліндегі тұрғылықты мекенжайы белгісіз болғандықтан, «ҚазАвтоЖол» оларға арналған ескертпе хат-хабарламаны да ешқайда жібере алмайды.

Осыған байланысты Кәсіпкерлік кодексінің 81-бабының 2-тармағының 3) тармақшасы аясында шетелдік көлік иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бірақ бұл тетік тек шетелдік жүк тасушы көліктердің, фуралардың қарызын реттеуге бағытталған.

Ақыны төлеудің 18 тәсіл-түрі іске қосылған. Аталған бірыңғай қызметтің өкілдері қомақты қарызы қордаланған борышкерлердің телефондарына үнемі қоңырау шалып тұрады екен. Көлікке ие компаниялардың, заңды тұлғалардың атына электронды шот-фактура ай сайын жіберіліп жатады.

Ақылы автожолдармен жүргені үшін берешекті өндіріп алу мақсатында ұлттық компанияның сұрауымен нотариустар атқару жазбаларын шығарады. Жеке сот орындаушылары да атқару ісін қозғайды. Өндірту соттарға шағымдану жолымен де жүзеге асырылады.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында Клиенттермен жұмыс істеу орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, көліктік бақылау органдарымен бірлесіп рейдтер жүргізілуде. Берешекті жедел анықтау үшін «KazToll» жүйесіне кіргізетін интернет-сілтеме жасалды. Бірақ жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қарыз тек өсуде, – деді Көлік министрлігінің өкілдері.

Өзге елдің жүк көліктеріне қатысты бұл заң жобасы 2025 жыл ішінде қабылданады деп жоспарланған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: