Соңғы жылдары Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық маңызы бар бірқатар автожол ақылы жүйеге көшірілді. Бұл өзгеріс көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жол сапасын жақсарту және жолдарды ұстауға тұрақты қаржыландыру көзін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда. Ақылы жолдар – қаржы жинау құралы ғана емес, сондай-ақ жүргізушілер үшін ыңғайлы, жылдам және қауіпсіз жүріп өтуді қамтамасыз ететін заманауи шешім. Жолдардың техникалық санаты жоғары болған сайын, қозғалыс жылдамдығы мен жайлылығы артады. El.kz ақпараттық агенттігі 2025 жылғы Қазақстандағы ақылы жолдар бойынша өзекті мәліметтерді зерттеп, тарифтер мен жол ақысы жайлы нақты ақпаратты ұсынып отыр.
Қазақстандағы алғашқы ақылы жол – «Астана – Щучинск» бағыты 2013 жылы іске қосылған еді. Қазіргі уақытта елде жалпы ұзындығы 3997 шақырым болатын 21 ақылы жол бар. ҮАААЖ (Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы) BARR Operation and Maintenance компаниясының басқаруында болса, қалғандарын толығымен «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарады.
Ақылы жолдар жүргізушілерге жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік бергенімен, тегін емес. Жолдағы кез келген қозғалыс ережелерінің бұзылуын жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін фото және бейнебақылау кешендері бақылап отырады.
Айта кету керек, ақылы жолдардағы ең жоғары жылдамдық барлық жерде бірдей емес. Ол жолдың еніне, жол жиегіне, бөлетін жолақтарға және басқа факторларға байланысты. Мәселен, І-а санатындағы жолдарда – 140 км/сағ, І-б санатында – 110 км/сағ, ал ІІ және ІІІ санаттағы жолдарда – 100 км/сағ аспайды. Алайда, жеңіл көліктер бұл санаттағы жолдарда жүргені үшін ақы төлемейді.
Жүргізушілердің жылдамдықты асырмай, жол жүру ережелерін бұзбауы үшін ақылы жолдарға фото және бейнебақылау жүйелері орнатылады. Бұл жүйелер бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, сондай-ақ жүргізушінің орташа жылдамдығын автоматты түрде есептейді. Егер жүргізуші бір камерадан екінші камераға дейінгі жолды тым жылдам еңсерсе, (яғни орташа жылдамдығы рұқсат етілген шектен асып кетсе), бұл заңбұзушылық тіркеліп, айыппұл салынады. Жылдамдықты асырғаны үшін ең жоғары айыппұл – 157 200 теңге (40 АЕК).
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ақылы жолдардан түскен табыс – 48 млрд теңгені құрады.
Ендігі ретте автокөлік иелері үшін Қазақстандағы ақылы жолдар бойынша мәліметтерді ұсынамыз:
1. Алматы – Шелек – Қорғас тасжолы
- Ұзындығы: 295 шақырым
- Жол санаты: І-б (макс. жылдамдық – 110 км/сағ)
- 27 бұрылысы бар, әрқайсысында жылдамдықты 70 км/сағ дейін төмендету қажет
- Төлем түрі: гибридті (шығу кезінде төлеу немесе алдын ала төлеуге де болады)
- Бағасы: алдын ала төлем – 540 тг, кейіннен төлем жасалса – 640 тг
- Балама жол: Көкпек – Көктал – Қайнар арқылы тегін жол
2. Астана – Щучинск тасжолы
Тасжол 2013 жылдан бері - ақылы.
- Ұзындығы: 211 км
- Жол санаты: І-а (макс. жылдамдық – 140 км/сағ)
- Бағасы: алдын ала төленсе – 460 тг, кейіннен төлем жасалса – 530 тг
- Балама жол: Астана – Атбасар – Зеренді – Щучинск (ұзындығы – 500 км)
3. Астана – Теміртау тасжолы
- Ұзындығы: 134 км
- Бағасы: алдын ала– 320 тг, кейіннен төлесеңіз – 370 тг
- Балама жол: Кабанбай батыр – Энтузиас.т – Киевка – Теміртау (270 км)
4. Алматы – Қонаев тасжолы
- Ұзындығы: 42 км
- Бағасы: алдын ала төлем бойынша – 140 тг, кейіннен төлесеңіз – 160 тг
- Балама жол: Алматы – Құрты – Қапшағай (175 км)
5. Қонаев – Талдықорған тасжолы
- Ұзындығы: 186 км (І-а және І-б) 5
- Бағасы: алдын ала төленсе – 330 тг, кейіннен төлем жасалса – 390 тг
- Балама жол: Алматы – Көктал – Сарыөзек – Қарабұлақ – Талдықорған
6. Шымкент – Қызылорда тасжолы
- Ұзындығы: 446,5 км
- Бағасы: алдын ала төленсе – 800 тг, кейіннен төлем жасалса – 940 тг
- Балама жол: айналып өту жолы бар, бірақ өте ұзақ
7.Астана – Павлодар тасжолы
- Ұзындығы: 375 км
- Бағасы: алдын ала төлем жасалса – 680 тг, кейіннен төленсе – 800 тг
- Балама жол: ұзақ айналма жол бар (Теміртау – Баянауыл – Павлодар бағытымен)
8. Тараз – Қайнар тасжолы
- Ұзындығы: 237,5 км
- Бағасы: алдын ала – 440 тг, кейін – 510 тг
- Балама жол: Аса – Ақкөл – Ұланбел – Мойынқұм – Бірлік – Қайнар
9.Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ)
Жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бөлігі болып табылады.
- Ұзындығы: 66 км
- Бағасы: 275,24 тг (0,07 АЕК), төлем түріне байланысты өзгермейді
- Бақылау жүйесі: 223 камера, жылдамдық – 120 км/сағ
- Балама жол жоқ.
10. Шымкент – Тараз тасжолы
- Ұзындығы: 89,3 км
- Бағасы: алдын ала төлем бойынша – 160 тг, кейіннен – 190 тг
- Балама жол: Шаян – Жаңатас – Тоғызкент – Ақкөл – Тараз
11. Шымкент – Өзбекстан шекарасы
- Ұзындығы: 84 км
- Бағасы: алдын ала төленсе – 150 тг, кейіннен төлем жасалса – 180 тг
- Баламасы: Казығұрт – Қызылкия – Дербісек – Шымкент
12. Щучинск – Көкшетау тасжолы
- Ұзындығы: 60,75 км
- Бағасы: алдын ала төленсе – 110 тг, кейіннен төлем жасалса – 130 тг
- Баламасы: Бурабай – Наурызбай батыр арқылы
Ақылы жолдар бойынша жүру абонементінің бағасы қандай?
Ақылы жолдарды жиі пайдаланатын жүргізушілер айлық немесе жылдық абонемент сатып ала алады. Бұл мүмкіндікті ақылы жол учаскелеріне жақын аудандарда тіркелген көлік иелері пайдалана алады.
- ҮАААЖ үшін абонемент:
- Айлық абонемент – шамамен 2000 тг (0,5 АЕК)
- Жылдық абонемент – 19 700 тг (5 АЕК)
- Қолдану аймағы: Қарасай, Іле және Талғар аудандары
- ҚазАвтоЖол жолдары үшін:
- Жылдық абонемент – 3932 тг (1 АЕК)
- Қажетті құжаттар: көлік тіркеу куәлігі, жеке куәлік
Ақылы жолда төлем жасалмаса не болады?
Егер жүргізуші жол ақысын 7 күн ішінде төлемесе, көлік иесіне айыппұл салынатынын ескерген жөн.
- Жеке тұлғалар үшін – 5 АЕК (19 660 тг)
- Заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК (39 320 тг)
Айта кету керек, барлық жолда орнатылған камералар көлік нөмірлерін тіркеп, бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.