Ақылы жол қызметін төлеу үшін абонемент сатып алу керек

3 Наурыз 2023, 15:41 988

Бір өңірде бірнеше ақылы учаске болса, әрбір ақылы учаске үшін жеке абонемент сатып алу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақылы жолдарда төлем жасау жүйесіне өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрық жобасы жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жобаға сәйкес, ақылы жолдарда алдын ала, ақы алу пунктінде төлеуден бөлек, кейінгі төлемді де енгізу жоспарланған. Оны ақылы жолмен жүргеннен кейін күнтізбелік 7 күн ішінде төлеуге болады.

Осы уақыт ішінде төленбесе, көлік иесіне айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға – 5 АЕК (17 250 теңге), ал заңды тұлғаларға – 10 АЕК (34 500 теңге).

Ережеге бір айға және бір жылға арналған абонемент анықтамасы енгізіледі. Абонемент сатып алу көлік жүргізушілерінің өз еркінде және оны ақылы жолдарда жүргені үшін берешектерін өтеген соң ғана ала алады. Облыста бірнеше ақылы учаскелер болса, әрбір ақылы учаске үшін жеке абонемент сатып алу қажет. 

Жылдық абонементі иесі автокөлік құралын есептен шығарса, сатса, банкрот не қайтыс болса, бұл абонементті басқа адам қолдана алмайды. Мұндай абонемент жойылады, сондықтан жаңа абонемент сатып алуға тура келеді.

Сондай-ақ, жүк көліктері автомобиль өткізу пункттеріне кіру уақытын брондап, электронды кезекке тұра алады.

Жобаны қоғамдық талқылау 16 наурызға дейін жалғасады.

EL.KZ
Бөлісу: