Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін боранда 18 шақырым жаяу жүрген

8 Ақпан, 19:07 775

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында науқасты ауруханаға жеткізу үшін құтқарушылар 18 шақырым жаяу жүрген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ТЖМ мәліметінше, олар 18 шақырым бойы трэкол жол талғамайтын көліктің алдына шығып жол көрсеткен. Құтқарушылардың бірі Ақдәулет Әлидің айтуынша, Қандыағаш қаласындағы бөлімге Еңбек ауылдық округі, Басшилі елді мекенінде 73 жастағы әйел адамның ауыр халде жатқаны туралы хабарлама түсіп, оны аудандық ауруханаға жеткізу керек болды.

Трэколмен шықтық. Ауа райының қолайсыздығынан көлік алдына екі адамнан кезектесіп шығып, жүгіріп отыруға тура келді. Өйткені, қарға адым жерді көру мүмкін емес еді. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Ерлік жасадық деп айта алмаймын. Бұл біздің міндетіміз, - деді ол.

Ақтөбе облысында бірнеше күннен бері боран ұлып тұр. Жолда қалғандарды құтқаруға ТЖД, полиция бөлімі, әскери бөлімдер және жергілікті атқарушы органдар, еріктілер  жұмылдырылған.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: