Ақтөбеден 150 мың текше метр қар шығарылды

24 Ақпан 2023, 13:36 1616

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша Ақтөбеде қардың қалың түсуіне байланысты мердігерлік ұйымдар күшейтілген режімде жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Қаланы аралау барысында өңір басшысы қар шығару және суағарларды тазарту жұмыстарының нәтижелерін тексерді. Мердігер ұйымдардың өкілдері облыс әкіміне тартылған арнайы техника мен бригадалардың саны туралы хабарлады.

Қазір тәулік бойы қала көшелерінде екі ауысымда 14 мердігер жұмыс істейді. Тағы үшеуі су басу қаупі бар Мәскеу, Құрмыш, қалалық сүт зауыты және Шанхай сияқты аудандардан қар шығарумен айналысады.

Бұл жұмыстарға барлығы 243 арнайы техника тартылды. Қыс басталғалы полигондарға 150 мың текше метр қар шығарылған.

Ақпан айында қардың қалың түсуінен бұған дейін тазартылған учаскелерде жұмыстар қайта жүргізілуде.  Арықтар мен суағарлар да екінші рет тазартылып жатыр. Облыс әкімі Ғ.Жұбанова, М.Шоқай және Мәңгілік ел көшелеріндегі қар шығару жұмыстарының барысын тексеріп, «Береке» тұрғын алабы ауданындағы су өткізгіш құрылысты қарап шықты.

Қаланы аралау қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов мердігерлерге жұмыс қарқынын арттырып, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Уәкілетті органдар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуі тиіс.

EL.KZ
Бөлісу: