Ақтөбе облысында жүргізуші кабинада ұйықтап жатқанда ұры жүк көлігінен тауарды ұрлап кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ-нің мәліметінше, 10 қараша түнде белгісіз адамдар есіктің құлпын бұзу арқылы VOLVO жүк көлігінің тіркемесіне кіріп, әрқайсысы 16 келі болатын 23 қораптағы құс етін жасырын ұрлап кеткен.
Автокөлік Байғанин ауданы Ноғайты аулынан 1 км қашықтықта Астрахань-Ақтөбе автожолының жиегінде тұрған. Жүргізуші таңертең оянған кезде ғана тауардың жоғалғанын білген.
Полиция қызметкерлері осы ұрлықты ашу бойынша іс-шаралар жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысының 42 жастағы тұрғыны басқарған VOLSWAGEN SHARAN автокөлігін тоқтатты. Көліктің салонында полицейлер ұрланған құс етінің қораптарын тәркіледі.
Қазір аталған іс бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.