Ақтөбеде жердегі кеспені жеуден бас тартқан сарбазды подполковник ұрып-соққан

5 Қазан, 18:44 6450

Подполковник сарбаздың сөмкесінен тез әзірленетін кеспенің бірнеше данасын байқап қалған. "Аш жүрсіңдер ме?" деп ашуға булыққан ол жауынгерге жерге түсіп қалған кеспені мәжбүрлеп жегізбек болыпты. Бірақ сарбаз бас тартқан соң соққыға жығылған, деп хабарлайды Диапазонға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралды. Қорғаныс министрлігіне қарасты «51809» әскери бөлімінің зениттік зымыран дивизиондары штабының бастығына лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және қатардағы жауынгерді ұрды деп айып тағылды.

Айыптау қорытындысына сәйкес, подполковник жеке құрамды құру кезінде қатардағы бірнеше жауынгердің казармаға қарай келе жатқанын көрген. Ол түскі асқа кешігіп келе жатқаны үшін сарбаздарға ұрысқан. Жауынгерлердің бірінің сөмкесінен тез әзірленетін бірнеше кеспені көрген. Кеспе жерге түсіп кеткенде подполковник сарбазға оны жеуді бұйырған. Бірақ сарбаз бас тартқан соң алақанымен оның құлақ тұсына 8 рет ұрған, кейін жұдырықпен бетіне соққы жасаған. Сараптама қорытындысы бойынша сарбаздың сол жақ құлағының құлақ мембранасы мен құлақ қалқанының жарылғаны анықталған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Бірақ ол жазаланбайтын болды. Себебі соққыға жығылған сарбаз оған кешірім берген және ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан. 

Ақтөбе гарнизонының әскери соты тараптардың татуласуына байланысты подполковникті қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: