Ақтөбеде «Сыбаға» дәстүрлер фестивалі аясында «Дәуір дефилесі» шарасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық мәдениетті дәріптейтін мәдени шара қала тұрғындары мен қонақтарын қазақтың бай дәстүрімен таныстырып, ұлттық нақыштағы сәннің әсемдігін паш етуге бағытталды.
Көрсетілімге Ақтөбемен қатар, Алматы, Ақтау және Шымкент қалаларынан келген отандық дизайнерлер ұлттық нақыштағы топтамаларын көптің назарына ұсынды.
Киімдерге қазақ халқының ою-өрнектері, табиғи материалдар және дәстүрлі пішімдер ерекше үйлесіммен қолданылған.
Әйелдердің әшекей бұйымдарымен толықтырылған камзолдары, ерлерге арналған шапан мен тымақтар, сондай-ақ заманауи үлгіде бейімделген этностильдегі көйлектер көрермендер ықыласына ие болды. Көрсетілім соңында олар дизайнерлерге алғыстарын білдіріп, ұлттық мәдениеттің осындай жаңа қырынан таныстырылғанына ризашылықтарын жеткізді.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау, жастардың дәстүрге қызығушылығын арттыру және ұлттық өнерді заманауи трендтермен үйлестіру мақсат еткен шараның соңында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан «Дәуір дефилесіне» қатысқан барлық этнодизайнерлерге Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатын табыстады.