Ақтөбеде тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды

22 Қараша 2022, 00:28 1627

Әлем чемпионаты 21-27 қараша аралығында өтеді

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты басталды. Оған әлемнің 20 елінен 80 спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақапараттық агенттігі.

Әлем чемпионаты 21-27 қараша аралығында өтеді.

Оған АҚШ, Ауғанстан, Бангладеш, Қытай, Қырғызстан, Әзебайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Ұлыбритания, Германия, Чехия, Коломбия, Латвия секілді 20-ға жуық елден 80 спортшы қатысып жатыр.

Сонымен бірге Қазақстан спортшылары да бар.

«Тоғызқұмалақ төрт мың жылдық тарихы бар, ақыл-ойды дамытатын қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Бабаларымыз ойлап тапқан зияткерлік спорттың адамзат өркениетінен алар орны ерекше. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойыны әлемнің түкпір-түкпірінде танымал спорт түріне айналды. 2019 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді. 2010 жылы тоғызқұмалақтан Астана қаласында бірінші Әлем чемпионаты ұйымдастырылса, VI Әлем чемпионаты киелі мекен Ақтөбеде өткелі отыр. Облыста кәсіби тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрімен 20 мыңнан аса адам шұғылданады. Соңғы жылдары аймақтық рейтинг қорытындысы бойынша үздік үштікте келеміз. Әрі қарай облысымызда тоғызқұмалақ спортын дамытуға барлық жағдай жасалатындығын жеткізгім келеді»,- деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Чемпионатқа Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов келіп, таяуда ғана Латвияда оқу-әдістемелік құралдың тұсаукесері болғанын атап өтті.

«Әлем чемпионатына Румыния, Пәкістан, Бангладеш командалары алғаш рет қатысып отыр. Жарысқа келген 20 мемлекеттің өкілі болса, негізінен жарысқа келген қазақ диаспорасы емес, сол елдің тұрғылықты адамдары. Тоғызқұмалақ шын мәнінде әлемге қанатын кең жайды деп айта аламыз», - деген Әлихан Байменов спортшылар, жаттықтырушылар, демеушілерге алғысын білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: