Ақтөбеде тазы өсірумен айналысатындарды қолдайтын қоғамдастық құрылады

5 Желтоқсан 2024, 07:34 663

Бұл туралы Ақтөбеде өтіп жатқан «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрлері бойынша «Салбурын» турнирінде жария етілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан өңірде ұлттық мұраны дамыту және қазақ тазыларын өсіріп-ұстаумен айналысатын жерлестерімізді қолдау үшін арнайы қоғамдастық құру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл бастаманы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Әкім орынбасары мұндай қоғамдастық құру дәстүрлерді насихаттап қана қоймай, Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын қазақ тазыларының бірегей тұқымын сақтап жүргендерге қолдау болатынын алға тартты.

Іс-шараға Ақтөбе облысы және Қазақстанның басқа өңірлерінен ит өсірушілер, бүркітшілер мен садақшылар қатысты. Турнир аясында Құмай тазы аңшыларының «Салбурын» байқауы, Құмай тазы иттерінің жылдамдығы мен ептілігі сыналатын шырға тарту, құсбегілік жыртқыш құстармен аң аулау шеберлігі көрсетіліп, садақ ату турнирі өткізілді.

Спорттық жарыстармен қатар «Құмай тазы» көрмесі өтіп, онда ит өсірушілер қазақ тазыларының үздік өкілдерін таныстырды. Сондай-ақ, ұлттық мәдениеттің қыр-сырын көрсететін ат әбзелдерінің тұсаукесері ұйымдастырылды.  

Зарина Арман
Бөлісу: