Ақтөбеде студент алаяқтық жолмен өзгенің атына несие рәсімдеген

26 Қазан 2023, 17:46 711

Ақтөбеде студент алаяқтық жолмен өзгенің атына несие рәсімдеген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Полиция мәліметінше, қыркүйек айында Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің 4-курс студенті 48 жастағы әйелді алдап, банкке ірі көлемде қарыз қылған. Ол жәбірленушіні тауарлық кредитті ақшаға айналдырып беретініне сендіріп, ұялы телефонына түскен мобильді кодты айтуды сұраған.

Салдарынан күдікті аңғал әйелдің атына банктен 1 млн 700 мыңнан астам сомаға несие рәсімдеген. Банкке ірі көлемде қарыз екенін жәбірленуші қазан айында біліп, полицияға арызданды.

Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Студент кінәсін мойындап, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергенін жеткізді. Алаяқтық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: