Ақтөбеде республикалық ақындар айтысы өтті

20 Қараша 2023, 01:07 1650

Ақтөбеде қазақтың ұлы ханы Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жыр додасында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров жас ақындарға сәттілік тіледі. Ақтөбеде қазақтың ұлы өнері – айтысты өткізу алдағы уақытта да жалғасатынын, бұл шаралар өңірде сәтті қалыптасып жатқан айтыс ақындары мектебінің дамуына жаңа леп беретініне сенім білдірді.

Сөз бәйгесіне еліміздің Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Павлодар өңірлері мен Шымкент қаласынан 7 ақын, Ақтөбе облысынан 5 ақын қатысты.

Ал олардың өнеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, айтыс ақындары Мэлс Қосымбаев, Бекжан Әшірбаев, ақын Жанарбек Әшімжан, ақын, драматург Оралбай Кометия, ақын Сәтжан Дәрібай баға берді.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді.

Ақындар бір-біріне сұрақтар қойып, ұтымды жауаптарымен айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, берілген тақырып аясында, Әбілқайыр хан туралы кеңінен жырлады.

Нәтижесінде бас жүлде 1,5 млн теңге ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа бұйырса, бірінші орынды Өміржан Көпбосын (1 млн теңге), екінші орынды Ержан Әміров пен Аспанбек Шұғатай (800 мың теңгеден), үшінші орынды Біржан Байтуов пен Марат Ахметов (500 мың теңгеден) өзара бөлісті. Ал Дидар Қамиев, Серік Қуанған, Нұрмахан Жақып, Жұлдыз Қожабекова, Аруна Керімбек, Жәнібек Бейбітовке ынталандыру сыйлығы 300 мың теңгеден берілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: