Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімін тексеру басталды

Кеше, 17:15 278

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваның әлеуметтік желіде жарияланған суреті қызу талқыланып жатыр. Онда әкім қызғалдақты қолына ұстап, табиғат аясында суретке түскен. Бұл жағдай тұрғындардың сынына ұшырап, құқық қорғау органдарының да назарынан тыс қалмады.

Ауыл әкімінің бір уыс гүлмен түскен суретін problema.aktobe Instagram парақшасы жариялап, «Заң бойынша тыйым салынған емес пе? Аудан әкіміне шара қолдануды сұраймыз» деп жазған. 

Құқық қорғау органдары жауап берді

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған жайтқа байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ақпарат тексеріледі және құқықтық баға беріледі. Табиғатты қорғау инспекциямен суреттегі гүлдің Қызыл кітапқа енгені немесе басқа екені анықталады,  деп жауап берді облыстық ПД.

Әкімнің түсініктемесі

Ауыл әкімі Ләззат Бердібаева бұл жағдайға байланысты түсініктеме беріп, гүлді жұлудың заңға қайшы екенін білмегенін айтты.

Күні кеше түскен сурет. Демалыста балалармен далаға серуенге шықтық. Қандыағашқа қарай Жұрынның қасында трассаның бойында болдық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүлді танымайды екенмін. Мен оны жұлуға болмайтынын білген жоқпын. Басқа жақта Қызыл кітапқа енген гүлді жұлуға болмайтынын білемін. Елдің бәрі жұлып жатты. Ойымда ештеңе жоқ. Әйтпесе, мен жұлдым, міне, суретке түстім деп нем бар,  – деді Ләззат Бердібаева.

Ләззат Бердібаева – 2024 жылдың 13 ақпанынан бері Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі болып қызмет атқарып келеді. Округ құрамына Қаракөл және Жаңатұрмыс ауылдары кіреді, мұнда жалпы саны 722 адам тұрады. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: