Ақтөбе облысында жоғары сынып оқушыларының соққысынан кейін көз жұмған 14 жастағы Нұржан Сыдықовтың ісі сотқа жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың 2 қыркүйегінде Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын "тәрбиелік мақсатта" ұрып-соққан. Соның салдарынан 14 жастағы Нұржан Сыдық ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды.
Істі Ақтөбе облыстық полиция департаменті тергеді. Тергеу барысында процестік прокурор тағайындалып, толық әрі объективті тергеу қамтамасыз етілді.
Алты күдікті қамауға алынды. Негізгі күдікті Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен («Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру») сотқа берілді.Қалған бес күдікті 293-баптың 2-бөлігі («Бұзақылық») және 28-баптың 3-бөлігі («Қылмысты ұйымдастыру») бойынша жауапқа тартылды.
Сотта мемлекеттік айыптауды процесс прокуроры қолдайды. Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралады.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, мектептердегі балалар қауіпсіздігі мен буллинг мәселелерін қайта қарау қажеттілігін көрсетті. Сарапшылар мектептерде тәрбиелік жұмысты күшейту және алдын алу шараларын қабылдау маңызды екенін айтады.