«Конец Актобе» телеграм каналында белгісіз біреу Ақтөбе мектептерінде террорлық акт жасайтынын айтып, хабарлама таратты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі кезде бұл жерде тапаншаның фотосы мен видеосы, ашық қоқан-лоққа сөздер жазылып жатыр. Сонымен бірге алғашқы тізімге №21 және №27 мектептер алынғанын хабарлап, фотосымен бірге жариялады.
Әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар Ақтөбе мектептерінде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат таралуда. Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылды. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз,- деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы бақылау күшейтілгенін мәлім етті.
Қауіпсіздік органдары толық хабардар, бүгіннен бастап 3 күн қатарынан білім объектілерінің барлығында күшейтілген бақылау ұйымдастырылады,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.