Ақтөбе жастарға арналып коворкинг орталық ашылды. Аймақ басшысы Асхат Шахаров және ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған орталықтың алғашқы қонақтары болып, жастарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңа коворкинг орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында жұмысын бастап отыр. 72 шаршы метрлік бөлмеде жастардың жан-жақты дамуына қажетті барлық техника бар, кітап сөресі қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен толықтырылыпты. Ән айтып, күй тартуды жақсы көретін жастар үшін түрлі аспаптар қойылған. Пікірталас алаңы да жасалған.
Коворкинг орталық ашу туралы бастаманы «Ассамблея жастары» бірлестігінің мүшесі Данил Цой облыстық Ассамблеяның өткен сессияларының бірінде өңір басшысы алдында көтерген еді. Жалынды жастың ұсынысына Асхат Шахаров қолдау білдірді. Онда жастар бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен достық құндылықтарын насихаттап, сондай-ақ түрлі этникалық топтар арасында өзара түсіністікті нығайтып, жаңа идеяларын жүзеге асыруға ниетті. Олар ұсыныс-тілектерін Асхат Шахаров және Марат Әзілхановпен кездесуінде де тілге тиек етті.
Облыс әкімі өз сөзінде қоғамда пікірі бар жастардың артқанын, оларды әрқашан қолдайтынын алға тартты және жаңа нысан жастардың елге пайдалы бастамаларын жүзеге асыруына серпін беретініне сенім білдірді.
Айта кетсек, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалына 300-ге жуық жас мүше, оның ішінде 70-тей жас – Ақтөбе қаласында. Ассамблеяның «Жаңа толқын» арнайы жобасы аясында жастардың жобалары мен бастамаларын қолдау мақсатында жоғары және арнаулы оқу орындарында студенттік ассамблеялар құру қолға алынды, бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келе жатырған «Достық» клубтарының құрылымы кеңейіп, жұмыс бағыттары өзгерді.