Ақтөбеде алаяқтық жасаған ҮЕҰ жетекшісі сотталды

14 Тамыз, 21:10 693

«Ақтөбе облысы жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Жандос Табылғанов алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

№2 Ақтөбе қалалық сотында «Ақтөбе облысы жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Жандос Табылғановтың ісі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Жандос Табылғанов былтыр қыркүйек айында сауда үйінде қала тұрғынымен әңгімелесіп, шеберханаға газ құбырын тарту мәселесін шешіп беруге уәде етеді. Ол өз қызметі үшін 1,3 млн теңге сұрады.

Қала тұрғыны 300 мың теңгені қолма-қол беріп, кейін қолындағы 300 мың теңге тұратын алтын білезігін ұсынған.

2023 жылы 20 қыркүйекте тағы да кездесіп, кәсіпкерлерге арналған «Garant» жобасы арқылы қайтарымсыз 8 млн теңге ақша алып бере алатынын айтқан. Ол үшін 2 млн теңге сұраған.

Жәбірленуші ақшаны бөліп-бөліп аударып, кейде қолма-қол беріп отырған.

Тағы бір кездесуде жәбірленуші екі қабатты үйін заңдастырмақ ниетін білдіреді. Сол кезде Ж.Табылғанов бұл қызметі үшін 300 000 теңге ақша сұраған.

Бір айдан соң сотталушы мен жәбірленуші қайта кездесіп, жәбірленуші түрмеде отырған күйеуін бостандыққа шығарып алғысы келетінін айтады. Жандос Табылғанов пайда табу мақсатында 12 млн теңге ақша сұраған және сотта оның ақшаны қолма-қол алғаны туралы айтылған. Сөйтіп жәбірленушіге 14,9 млн теңге шығын келтірді.

Сотталушы Ж.Табылғанов сот отырысында тағылған айыпты мойындамады. 

Жандос Табылғанов Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ж.Табылғановқа жазаны өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі тағайындалсын. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Сотталған Жандос Табылғановтан жәбірленушінің пайдасына 14 900 000 теңге материалдық шығын, өкілдің көмегі үшін төленген 600 000 теңге өндірілсін,- деді судья И.Исмаилов. 

Зарина Арман
Бөлісу: