Ақтөбеде алаяққа сенген мекеме басшысы 19 млн теңгесінен айырылды

11 Шілде, 21:40 683

Алаяққа сенген Ақтөбе тұрғыны 19 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе қаласындағы мекемелердің бірінің басшысы телефон алаяқтарының арбауына түсіп, 19 миллион теңгеге қарызға кірген. Жәбірленуші әйелдің телефонына белгісіз адамдар WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің және Полиция департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырған.

Қоңырау шалушылар жәбірленушіге оның атына алаяқтар түрлі банктерден 10 онлайн несие рәсімделгенін және олардың күшін жою үшін өз атына бірнеше несие рәсімдеу қажеттігін айтқан. Әйел қоңырау шалушылардың барлық шарттарын орындап, қаладағы 3 банктен өз атына 14 миллион теңгеге жуық сомаға несие рәсімдеген. Сонымен қатар жақын туыстарынан 5 жарым миллион теңге қарыз алған. Әрі қарай жалпы сомасы 19 миллион теңгеден асатын ақшаны алаяқтар көрсеткен банктік шоттарға аударған. Екі күннен кейін ғана алаяқтарға алданып, қарызға батқанын түсінген жәбірленуші полицияға арызданыпты.

Құзырлы мекеме қызметкерлері WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалмайтынын, жеке деректеріңізді және телефонға ешқандай қосымша бағдарламалар жүктеуді сұрамайтынын және өз аттарыңызға несие рәсімдеп, аударып жіберуді талап етпейтінін азаматтардың тағы да есіне саламыз, – деді Ақтөбе облысы ПД киберпол бөлімінің басшысы Галина Стырличук.

Перизат Саденова
Бөлісу: