Ақтөбеде 92 жастағы зейнеткер балаларын сотқа берді

20 Қыркүйек, 23:41 974

Ақтөбеде қарт зейнеткер қалалық сотқа 8 баласынан алимент өндіріп алу туралы азаматтық талап арызбен жүгінген. Ол өз арызында батыр ана және 92 жаста екенін айтып, жасына байланысты көптеген созылмалы аурулардан зардап шегетінін алға тартқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Істің мән-жайынан белгілі болғандай, зейнеткер жауапкер боп танылған 8 баласы мен тағы бір кенже қызының туған анасы екенін көрсеткен. Кенжесі өзімен бірге тұратынын және материалдық жағынан көмектесіп тұратындықтан соттан тек 8  баласынан алимент өндіріп алуды сұрады.

Істі қарау барысында жауапкерлер сотқа аналарына тең дәреже көмек беретіндері туралы жеткілікті дәлелдемелер ұсына алмаған. Ал кенже қызы анасына қамқор көрсетіп жүргендігі туралы фактіні дәлелдеп, бұл дәлелдемелер азаматтық іс материалдарына бейнежазбасы бар қоса берілген дискімен расталған.

Бұдан өзге талап қоюшы балалары оған келмейтіндігін, оларды 5-6 жыл көрмегенін атап өткен.  

Сот талап қоюшының балаларынан алимент алуға құқығы бар екенін анықтап, алайда олардың төртеуі зейнеткерлік жасқа толуларына байланысты алимент өндіруге жатпайтынын ескерген. Сондай-ақ жауапкерлердің асырауындағы мүгедек және кәмелетке толмаған балаларының болуын да назарға алған.

Сот шешімімен талап-арыз ішінара қанағаттандырылды. 4 жауапкерден анасының пайдасына оны асырауға әрқайсысынан 7 АЕК-тен алимент өндірді. Шешім заңды күшіне енген жоқ,-делінген қалалық сот мәліметінде.

 

Зарина Арман
Бөлісу: