Ақтөбеде 2500-ге жуық қоғамдық бақылау камерасы орнатылады

21 Қыркүйек 2023, 13:49 626

Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысында 2500-ге жуық қоғамдық бақылау камерасы орнатылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды, жол-көлік оқиғаларын, сондай-ақ жол апаттары салдарынан азаматтардың жарақаттануы мен қаза болуының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органың қолдауымен Ақтөбе қаласының көшелері мен облыстың 11 елді мекенінде қылмыс пен құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған бейнекамералар пайдалануға беріледі.

Жыл басынан бері облыс аумағында 374 жол апаты тіркелді, онда 67 адам қайтыс болып, 482 адам зардап шекті. Осыған байланысты жолдардың аса қауіпті учаскелерінде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу үшін бейнебақылау және бейнеталдау жүйесін, сондай-ақ фото-бейне түсіру камераларын орнату туралы шешім қабылданды.

ПД ӘПБ бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтегеннің айтуынша, осы жоба аясында Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысында 2467 қоғамдық бақылау камерасы, 94 жол жүрісі ережелерін бұзушылықты тіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешені, өртті анықтау және жолын кесу бойынша 24 кешен орнатылады. Сондай-ақ маңызды объектілерден, аулалардан, супермаркеттерден, адамдар көп жиналатын орындардан 2800-ге жуық қолданыстағы камераны бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне біріктіру жүргізіледі. Осылайша, полиция азаматтардың өтініштеріне бұрынғыдан да жедел ден қоя алады.

Бұл біздің қаламыздағы өмірді жақсартуға бағытталған маңызды қадам екеніне сенімдіміз. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – өңіріміздің тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі, – деді Е.Өтеген.

Равиль Ашығали
Бөлісу: