Ақтөбеде 19 учаскедегі жылу желілеріне күрделі жөндеу жасалады

2 Шілде 2023, 10:48 990

Ақтөбе қаласы бойынша 19 учаскедегі жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жөндеу жұмыстары кезінде жалпы ұзындығы үш шақырымнан астам  құбырларды ретке келтіру үшін қазынадан бір жарым миллиард теңге көлемінде ақша бөлінген. Әзірге бір учаскеде ғана жұмыс толық аяқталып отыр. 

Кешенді жұмыстар басталғалы бері Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев Макаренко, Пожарский, Ломоносов көшелерінде жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізуді тікелей қадағалауға алып, тиісті тапсырмалар берді. Ал, 12-ші шағын аудандағы құбырларға жүргізілген қайта құру жұмыстарының 90 пайызы орындалып, енді 14 учаске бойынша жөндеуге әзірлік басталды. Қыстың қамын ойлаған мамандар, жылу бойынша арнайы штаб құрып, өткен жылғы қателіктерді қайталамас үшін, кемшін тұстарды реттеуге кіріскені белгілі болды.  

Енді Әбілқайыр хан, Молдағұлова даңқылдары мен Рысқұлов көшесінде жөндеу басталды. Осыған сәйкес қаланың кейбір бөліктері ыстық судан уақытша ажыратылады, - деді қалалық ТҮКШ бөлім басшысы  Жомарт Бақыткелді  

Ақтөбе қаласындағы коммуналдық кәсіпорындар мамыр айында жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізіп, нәтижесінде 16 кемшілік анықтаған болатын. Барлығы да дер кезінде реттеліп, алдағы қыс мезгілінде  ақтөбеліктер бүрсең қағып қалмас үшін, биылғы жұмыстар жүйелі түрде штаб назарында болмақ.

Асқар Таудай
Бөлісу: