Ақтөбе өңірінде медициналық нысандарды көбейту қолға алынды

26 Ақпан, 21:51 695

Биыл Ақтөбе облысында 21 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Оның 13-і – медициналық пункт, төртеуі – дәрігерлік амбулатория, тағы төртеуі – фельдшерлік-акушерлік пункт болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев мәлімдеді.

Ақтөбе облысы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 2024 жылға 21 нысанның құрылысы жоспарланған: оның ішінде 6 нысан – ауыспалы, 14 нысан – жаңа. Ауыспалы бір нысан жергілікті бюджет қаражат есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, 2025 жылға 3 көпсалалы орталық ауданаралық ауруханалар құрылысы жоспарланған, - деп атап өтті ол өз баяндамасында.

Құрылысы 2023 жылы басталған Мәртөк ауданының Байтұрасай және Аққайың, Мұғалжар ауданының Қожасай, Шалқар ауданының Қаратоғай және Шоқысу ауылдарындағы медициналық пунктер,  Темір ауданының Алтықарасуындағы дәрігерлік амбулатория, Ырғыздың Нұра ауылында салынатын фельдшерлік-акушерлік пункті жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Ал 2024 жылы медициналық және фельдшерлік-акушерлік пунктер, дәрігерлік амбулаториялар, жалпы саны 14 жаңа жоба – Алға, Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз, Қобда, Байғанин және Темір аудандарының ауылдарында іске асады. Құрылыс басқармасы жобалардың құжаттамаларымен айналысуда.  

Аймақ басшысы жауапты лауазымды тұлғаларға барлық жобаны сапалы және тиімді орындауды, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды міндеттеді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: