Ақтөбе облысының экс-әкімі аштық жариялады

5 Қазан 2023, 11:33 1582

Жерді заңсыз сатты деген айыппен сотталып жатқан Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев аштық жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

КТК телеарнасының хабарлауынша, ол жетінші күннен бері тамақ пен судан бас тартқан, артынша денсаулығында қиындықтар пайда болған. Сондықтан Имантаев сот отырысына қатыса алмай, келесі отырысты тоқтатуға тура келді.

Бүгін мен тергеу изоляторында күйеуіме бардым, оны зембілмен қалай алып шыққанын көрдім. Оның жағдайы өте ауыр, әрең сөйлейді. Бірақ ақыл-есі дұрыс және қылмыстық істі одан әрі тергеуді талап етуде. Ол неліктен мұндай қадамға барды дейсіз ғой, өйткені өз құқықтарының аяққа тапталып жатқанын көріп отыр, - дейді Ермек Имантаевтың әйелі Лейла Имантаева.

Айта кетсек, бұрынғы шенеунік 2023 жылдың ақпанында қамауға алынған болатын. 56 жастағы Ермек Имантаев бөтеннің мүлкін иемденді немесе жымқырды деп айыпталуда. Тергеу барысында анықталғандай, Ақтөбе облысының экс-әкімі элиталық аудандағы жер телімін заңсыз сатқан. Бұл ретте жердің бағасы кадастрлық құнынан төмен болған. Келтірілген шығын көлемі 100 миллион теңгеден асады. Имантаев өз кінәсін мойындамай, істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етіп отыр.

Ол облысты 2002-2004 жылдар аралығында басқарған. Көптеген келеңсіздіктен кейін әкім қызметінен кетті, үстінен кәсіпкерлер шағымданды. 2019 жылы Ақтөбеге оралып, жергілікті ауылшаруашылық кооперативінің басшысы қызметіне тағайындалды. Тергеушілердің айтуынша, дәл сол кезде аталған заңсыз мәміле жасалған.

Ол, істің объективті қаралғанын талап етіп отыр. Біз аталған істегі барлық кінәлілер жауапқа тартылуы үшін бірнеше рет қосымша тергеуді қамтамасыз ету мақсатында өтініш бердік, алайда бұл іс тек соған қатысты ғана қозғалып отыр, - дейді Ермек Имантаевтың адвокаты Дәурен Алданиязов.

Равиль Ашығали
Бөлісу: