Ақтөбе облысының әкімі су басқан аудан тұрғындарымен кездесті

14 Наурыз 2023, 20:29 1460

Ақтөбе облысындағы су басқан Қобда ауданының тұрғындарымен облыс әкімі Ералы Тоғжанов кездесіп, комиссия құрылғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Самара-Шымкент» халықаралық маңызы бар жолдың 613-шақырымында су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырды. Тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов зардап шеккен әр отбасыға қажетті көмек берілетінін атап өтті.

Ауданда комиссия құрылып, үйлер тексерілетін болады. Біз барлығына қолдау көрсетеміз, қаражат бөлеміз, мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу шаралары қабылданады,- деді Ералы Тоғжанов.

Қобда ауданындағы жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.

Айта кетейік, Қобда ауданында барлығы 15 үйді су басты. Сонымен бірге дене шынықтыру-сауықтыру кешені, дәмхана аумағын сақтап қалу мүмкін болмады. Аудан орталығындағы су деңгейі көтерілген кезде Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігін жырып, жол қозғалысын шектеуге тура келді.

EL.KZ
Бөлісу: