Ақтөбе облысының әкімдігі аймақтағы сұйылтылған мұнай газы бойынша ағымдағы ахуалға түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізудің 2023 жылғы 3 тоқсанға арналған жоспарына сәйкес Энергетика министрлігі Ақтөбе облысына 33 228 тонна сұйытылған мұнай газын бөлді (шілде – 10 219 тонна, тамыз – 12 394 тонна, қыркүйек – 10 615 тонна).
ІІМ Полиция департаментінің деректері бойынша, бүгінгі таңда Ақтөбе облысында газ жабдығымен жабдықталған 52 949 автокөлік тіркелген. Сондай-ақ, өңірдің транзиттік әлеуетін ескере отырып, ҰҚК Шекара қызметі департаментінің деректеріне сәйкес өңір аумағына кіретін автокөлік саны айына: мемлекеттік нөмірімен 4 520 бірлікті және шетелдік нөмірімен 9 369 бірлікті құрайды.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының ішкі нарығының қажеттілігін жабу үшін бүгінгі күні 16 000 тонна сұйытылған мұнай газы қажет.
Ақтөбе облысының аумағында 7 газ толтыру станциясы (оның 4-і – Ақтөбе қаласында және 3-і – Мұғалжар ауданында), сондай-ақ 181 автогаз құю станциясы (оның 88-і – Ақтөбе қаласында және 93-і – аудандарда) жұмыс істейді.
Өңір аумағында сұйытылған мұнай газын өндіретін 3 зауыт жұмыс істейді, атап айтсақ олар – «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «Gas Processing Company» ЖШС.
Газ құю станцияларда кезектердің пайда болуы бірнеше факторларға, біріншіден, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Жаңажол мұнай-газ кешенінің ГӨЗ-2-де жөндеу жұмыстарына байланысты, сұйытылған мұнай газын темір жол көлігімен жөнелту 2023 жылғы тамызда 20%-ға төмендеді, - деп түсіндірді ведомство.
Сонымен қатар «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-де компрессордың тоқтауына байланысты тамыз айында газ өндіру тәулігіне 84 тоннадан 64 тоннаға дейін кеміді.
Энергетика басқармасы 3 өндіруші зауытта жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары болатыны туралы хабарлайды.
Қазіргі таңда Шымкент мұнай-газ өңдеу зауытынан Ақтөбе облысына 650 тонна өнім бөлінген, ол ай соңына қарай толықтай жеткізіледі.